Облыстық қуыршақ театрына — 30 жыл. Осыған орай өнер ұжымы Ганс Христиан Андерсеннің «Су перісі» спектаклінің премьерасын ұсынды.
Ұлжалғас Тәжібекқызы — 30 жыл бойы қуыршақтарға «тіл бітіріп», кішкентай көрермендердің көңілін аулап келген әртіс. Ол бүгінгі премьералық қойылымда басты рөл — су перісінің кейпіне енді. Осы театада 200-ге тарта рөлді сомдаған әртіс қуыршақтарға жан бітіру құпиясымен бөлісті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=73b_6XZWUXA[/youtube]
Ұлжалғас Тәжібекқызы, облыстық қуыршақ театрының әртісі: «Біз өзіміздің рөлімізге тереңдеп ену үшін, алдымен, қойылымның мән-маңызын ұғуымыз керек. Қуыршаққа жан бітіру деген — оны әрлі-берлі қимылдату ғана емес, соның болмысына ену, түр-тұлғасын көрсету. Жас қыз немесе аң болсын, соның іс-қимылымен қатар, даусын да шебер салу маңызды.»
Қойылым желісінде ханзадаға ғашық болған су перісінің әлегі баяндалады. Ал мыстан кемпір ханшайымды өмірін ұрлағысы келеді. Мейірімділік пен жауыздықтың ашық айқасқа шығуы көрініс тапқан шығарма осы театр сахнасында алғаш рет сахналанып отыр. Ал қуыршақ театры басшылығынң айтуынша, бір кездері өнер ошағы тұщымды туындыларды қоятын сахнаға зәру болыпты.
Марта Тәшенова, облыстық қуыршақ театрының директоры: «Театрдың басынан ауыр жағдайлар да өтті. Ұжым апатты жағдайдағы ғимаратта да жұмыс істеді. Ол жерде жұмыс істемек тұрмақ, аяқ басып жүрудің өзі қорқынышты еді. Сондай сәтте біздің қызметкерлер табандылық танытып, өнердің өрлеуіне үлес қосты. Жалақының аздығына да қараған жоқ. Бұл — театрға деген үлкен құрмет деп білемін.»
Мерейтой аясында қойылған «Су перісі» қойылымына бүлдіршіндердің тәнті болып отырғанын байқадық. Кішкентай көрермендер, тіпті, жандарына жақын кейіпкерлерін таңдап үлгеріпті.
Аружан Естемесова, көрермен: «Маған, әсіресе, ханзада мен ханшайым ұнады. Олар би билейді. Ханзада ән айта алады екен. Бұл өте қызық болды.»
Аружан Темірбек, көрермен: «Су перісі — өте әдемі. Оның даусы да әдемі. Мыстан кемпір оның даусын алып қоямын деп, аяғын ауыртып қояды ғой. Бірақ су перісі тамаша ән айтты.»
Айта кетейік, 30 жылдық тарихы бар осы театрда бүгінде 500-ден астам қуыршақ бар. Және қойылым кейіпкерлеріне жан бітіретін 15 әртіс қызмет етеді.