Сайрамда 6 айлық сәби иіс тиіп шетінеді

Желтоқсанның 24-і күні Сайрам ауданы, Қарабұлақ елдімекенінде бір отбасы көмір тотығына иістенген. Салдарынан жанұяның 4 мүшесі уланыпты. Оқиға Янгиабат көшесіндегі 58 үйде, сағат 23:00-де орын алған.

005

Мамедовтар баспанасындағы ошақ бөлмеде сол түні 1989 жылы туылған Дана есімді азаматша үш баласымен ұйқыға кеткен. Құрсағында шамамен үш айлық нәрестесі болған жүкті әйел үйдегі ауаның тарылғанынан оянады. Дегенмен, есіктен шығуға күші жетпей, жанып жатқан ошақ үстіне құлап, арқасын күйдіріпті. Осы кезде көмекке әулеттің кенже келіні келіп, жедел жәрдем шақырған.

Нематжон Халықназаров, «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасы жан сақтау бөлімінің меңгерушісі: «Науқастарды сағат он бір жарымда жедел жәрдем көлігімен алып келді. Сөйтіп, дереу реанимация бөліміне жатқызылған. Керекті көмек берілді. Қазір келіншектің жүктілігіне қауіп төніп тұрған жоқ. Гинекологтар бақылап отыр.»

Ең өкінішістісі — көмір тотығына тұншыққан 6 айлық нәресте шетінеп кетті. Ал отбасының 5 жастағы үлкен ұлына оқиға орнында жедел жәрдем дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіпті. Үш жарым жасар қызы Розаға аудандық ауруханаға анасымен бірге жеткізілген. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жағдайдың орын алу себебін былай түсіндіреді.

Арман Әсібеков, ОҚО ТЖД бас маманы: «Бұл жағдайдың қалай орын алғаны жайлы бізде бірнеше нұсқа бар. Соның негізгісі — ошақтағы шәугімде су қайнап, қараусыз қалған. Салдарынан су шәугімнен тасып, төгіліп, отты өшірген.»

Сайрам аудандық ауруханада екі күн емделген Розаны ақ халаттылар үйіне қайтарды. Ал оның анасы әлі күнге жан сақтау бөлімінде жатыр. Десе де дәрігерлер науқастың жағдайы біршама жақсарды дейді. Естеріңізге сала кетейік, облысымызда бұл биылдыққа тіркелген бірінші жағдай емес. Жылу маусымы басталғалы иістен қаза тапқандардың саны төрт адамға жетіп отыр.