Сарыағашта 50 отбасы баспаналы болды

249
50 отбасы баспаналы болды

Сарыағаш қаласында үй кезегінде тұрған 50 азаматқа пәтер кілттері тапсырылды. Әлеуметтік жағдайы төмен және жас отбасылар қаладағы жатақханаға жайғасты. Осылайша жылдар бойы қараусыз қалған жатақхана қайта жөнделіп, «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы аясында баспана кезегінде тұрғандардың әжетіне жарады.

50 отбасы баспаналы болды
Қуанышты отбасыларын кілтті тапсыру сәті

Салтанатты түрде кілттерін алған азаматтардың алды бұдан жиырма жыл бұрын үйдің кезегіне тұрған. Көптен күткен кезек жылжып, міне, пәтерге де ие болды. Даңғарадай болмаса да екі -үш бөлмелі баспанаға ие болғандарына бірден сене алмай, кейбірі көздеріне жас та алып қалды.

Ескі жатақхана қайта жөнделіп, ел игілігіне берілді
Ескі жатақхана қайта жөнделіп, ел игілігіне берілді

Екі бөлмелі пәтерге ие болғандардың бірі — Өміргүл Полатова. Осыдан сегіз жыл бұрын үлкен ұлын кезекке қойған екен. «Қолжетімді баспана — 2020» мемлекеттік бағдарламасының шарапатымен ұлына еншісін беріп, ел ағаларының батасын алды.

 Өміргүл Полатова, Сарыағаш қаласының тұрғыны: «Үш келінім қолымда тұрады. 18 жан екі бөлмелі үйде тұратын едік. Міне, үлкен балам, екі қызы және келіншегімен, төрт адам осы үйге көшіп келіп отыр. Бір жанұям бөлініп шықты. Аллаға шүкір.»

Пәтерлі болғандардың қуанышын облыс әкімінің бірінші орынбасары бөлісті
Пәтерлі болғандардың қуанышын облыс әкімінің бірінші орынбасары бөлісті

Жалпы, Сарыағаш ауданы бойынша 507 отбасы тұрғын үй кезегінде тұрады. Соның елуі қайта жөндеуден өткен, төртқабатты жатақхандан пәтер алса, қалғандары келесі жылы салынатын көпқабатты баспанадан үмітті. 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=GF4REulXQIw[/youtube]

Әбдібақыт Мақұлбаев, Сарыағаш ауданының әкімі: «Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталады. Жалпы, алдағы уақытта 11 үй салуымыз қажет. Біріншісін келесі жылы бастаймыз.»

Сарыағаштағы басшылар 2020 жылға дейін кезекке тұрған азаматтардың барлығын баспаналы етеміз деп белді бекем буып отыр.