Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде «Ән тербеген Сарыағаш» атты облыстық сазгерлер байқауы қорытындыланды. Байқау мақсаты – Сарыағаш туралы әндер арқылы елдің мерейін көтеру, жастардың туған жерге деген мақтаныш сезімін ояту, сондай-ақ, оңтүстік сазгерлерінің шығармашылығын қалың жұртшылыққа таныстыру болатын.
27 үміткер қатысқан байқауда әнші, сазгер Құралай Сәтмұхамедова, ақын Әбілдә Аймақ, музыкант Тәжібай Баубек, әнші Мамадияр Таукеев және облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Қаламқас Дәулетова қазылық етті. Оңтүстіктің сазгерлері бақ сынасқан байқауда бас жүлдені Түлкібас ауданынан келген Гүлназ Қалтаеваның орындауындағы «Сарыағашым-сағынышым» әнінің авторы, сазгер Мұхамеджан Едігеев жеңіп алды. Ал жүлделі 1-орын сарыағаштық жас сазгер Сәрсенбек Ахметовке бұйырды.
Барлық қатысушылар мен жүлдегерлерге Сарыағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы атынан Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.