«Өз жыртығымызды өзіміз жамамасқа болмады!» Шымкенттегі 21-шағынаудандағы шатырсыз қалған № 26 үйдің тұрғындары үйдің шатырын ретке келтіруді бастады.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан бес күн бұрын қатты дауыл аталған баспананың шатырын көтеріп әкеткен-ді. Енді ешбір әкімдіктен қайыр болмағасын, тұрғындар өздері ақша жиып, көлемі 300 шаршы метрді алатын үйдің төбесін толықтай ауыстыруға тапсырыс беріпті.
Ал Асанбай Асқаров көшесінің бойындағы № 41 «а» үйдің жағдайы бәз-баяғы қалпы. Бұл шатырды қатты жел осыдан екі аптадай бұрын ұшырған-ды. Қазір ауа райының жылынып, біраз қарасып тұр. Төбеден судың сорғалағаны басылған. Бірақ, шатыр сол күйі ашық-шашық қалпында жатыр. Өздері ретке келтірейін десе, қалтаға салмақ деп жергілікті жұрт көгерген қабырғаларда өмір сүруде.