«Шымкентте Самат Смақов жүр» дегенді естіп, алып ұшып «Ордабасы» футбол клубының алаңына бардық. Ақ жаңбырдың астында, жасыл алаң үстінде балалар футбол ойнап жүр. Самат Смақовтың Кентауда құрған футбол орталығы мен «Ордабасы» клубының шәкірттері арасында жолдастық кездесу өтіп жатыр екен. Алаңдағы ойынды тамашалаған жұртшылықтың арасында Смақов та бар. Даңқты футболшыға бірнеше сұрақ қоюдың да сәті түсті.
– Самат, Шымқалаға қош келдіңіз! Бұл жолдастық кездесуді өткізуге кім ұйытқы болды?
– Шымкенттей әсем қалаға достарым қонаққа шақырды. Содан кейін дереу Кентаудағы жігіттерге телефон соғып, ондағы орталықта жаттығып жүрген балаларды осында алып келуін өтіндім. Осылайша, «Ордабасы» командасымен жолдастық кездесу ұйымдастырып жібердік. Ойын қызық, тартысты өтіп жатыр. Жаңбырлы ауа райы аздап кедергі келтірді. Алайда, ештеңе етпейді. Балалар үнемі қозғалыста. Оларға қарап, тоңбағандарын байқап тұрмын.
– Қазір өтіп жатқан ойынды қалай бағалайсыз?
– Ешкімнің де шегінгісі келмейтіні анық. Менің мектебімнің балалары да, «Ордабасы» командасы да алға ұмтылуда. Бірнеше рет жан берісіп, жан алысқан сәттер болды. Алаңдағы текетірес әлі жалғасып, мұнымен тоқтап қалмайды деп ойлаймын.
– Орталықты Кентаудан ашуға не себеп?
– Орталық жарты жыл бұрын құрылды. Алдымен өзімнің туған қалам Семейде аштым. Сосын Кентауда тұратын, бұрын футболмен айналысқан жақсы досыммен сөйлескенімде, кеншілер қаласында футбол ойнайтын, аяқ доп шеберлерін дайындайтын орын жоқ екенін білдім. Бұл қалада шебер футболшылардың болғаны есімде. Сосын балалар оқудан бос уақыттарында спортпен шұғылдансын деп, досым екеуміз осы орталықты құрдық. Олардың арасынан мықты футболшылар, тәрбиелі азаматтар көптеп өсіп шықса деген мақсат бар.
– Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының өткен маусымына қандай баға берер едіңіз? «Ақтөбе» чемпион болды, «Шахтер» Кубокті алды. Маусымның осындай нәтижелеріне көңіліңіз толды ма?
– «Ақтөбе» – біздің футболымыздың флагманы ғой. Чемпион атануға лайық клуб боларлықтай мәнді ойын көрсете білді. «Шахтерге» келсек, оған екі, тіпті үш майданда қатар ойнау ауыр тиді. «Астана» болса, соңғы сәтке дейін күресіп бақты. Бірақ, соңғы турда «Ордабасы» мен «Ақтөбенің» арасында өткен ойын нәтижесі «Астана» мен «Ақтөбенің» чемпиондық атаққа таласуына жеткізбеді.
– Еуропа Лигасының 5-тур ойындары аясында «Шахтердің» өз алаңында «ПАОК»-тен 0:2 есебімен жеңілгеніне куә болдық. Кәсіби футболшы, маман ретіндегі пікіріңізді білгім келеді. Бұған дейін өз алаңында ұтылмай келген «Шахтер» неліктен мұндай ойын көрсетті? Кемшіліктері неде?
– Шынын айтқанда, олар жеңілмеуі керек еді. Өйткені, «Шахтердің» гол салуына мүмкіндік беретін сәттер өте көп болды. Ал, шахтерліктердің қақпасына енген екі доп та рикошеттен кейін барып, салынды. Ондай жағдайда қақпашы дәрменсіз боп қалады. Сон-дықтан да, Мокин ештеңе істей алмады.
– Қазақстандық футбол жанкүйерлері «Шахтерде», жалпы Қазақстан футболында «соңғы минуттар синдромы» бар дегенді айтады. Яғни, біздің футболшыларымыз ойынның соңғы минуттарында гол жіберіп қояды. «90 минут бойына шыдамай, шаршап қалады» деп те жатады. Расында да, біздің клубтар шетелдік командалармен ойнағанда, екінші таймның соңына таяғанда доп соқтырып қояды. Бұған не себеп?
– Қазір бапкерлер команданы дайындауда олардың шаршап қалмауына мән береді. Және бұл өз нәтижесін беріп жатыр. Сондықтан «шаршап қалады» деуге келмейді. Ал, «біздің командалар соңғы минутта гол жіберіп қояды» дегенмен келіспеймін. «Синдром бар» деген ұғым бекіп қалған. Соңғы минуттарда гол соғу, гол жіберіп қою — әлемдік футболда бар жағдай. Кейде команданың ойыны жүрмей, жолы болмай жатады.
– Қазір футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің орынтағы бос. Құраманың тізгінін ұстар адам ретінде кімнің келгені жөн?
– Шынын айтсам, бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Себебі, ойыншы ретінде бұған қатысты пікір білдіруге құқым жоқ. Сұрақтың жауабын бапкерлер, не футбол федерация-сының бас-шылығы ғана айта алады.
– Жылға жуық уақыт Түркияның «Ризеспор» футбол клубының сапында алаңға шығып, ойнағаныңыздан түйгеніңіз не? Түрік футболынан біздің қазақ футболына нендей әдістерді енгізуге болады?
– Қазақ футболына да ақырындап өзгерістер келіп жатыр. Соның бірі — футбол орталықтарының ашылуы. Біздегі кемшін тұстардың бірі — жанкүйерлер санының аздығы. Түркияда басқа клубпен кездесуге барар алдын, «бүгінгі ойынға неше жанкүйер келеді» екен деп ойламайсың. Өйткені, орындықтарда ине шаншар орын табылмай жатады. Алаң толы болса, сүйсініп ойнайсың.
– «Ризаспор» клубы сізге не берді?
– Біріншіден, мол тәжірибе жинадым. Екіншіден, барлық жұмыстың клуб үшін жасалатынына, клубтың жетістікке жетуі үшін ұйымдастырылатынына куә болдым. Командалық рухты көтеруде нендей істер атқарылатынын көрдім. Команда ішінде де оның барлық қызметкерлерінің жұмыс істеу ерекшелігіне қанықтым.
– Әңгімеңізге рахмет!
Жәнібек Нұрыш