Шымкентте әуе апатының салдарынан опат болған 27 шекарашыны еске алу шарасы өтті. Өңір басшылығы, қала халқы мен марқұм болған сарбаздардың туыстары Абай саябағында орын тепкен шекарашылардың ескерткішіне келіп, гүл шоқтарын қойды. Еске сала кетсек, 2012 жылдың 25-желтоқсаны күні Сайрам ауданының Тассай елдімекені маңында «Ан-72» әскери әуе ұшағы құлап, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бірқатар басшылық құрамы мен офицерлер опат болған-ды.
Астана қаласынан Шымкентке қарай сағат 18:55-те ұшып шыққан әскери ұшақ қаладан 20 шақырым жерде апатқа ұшырады. Сол апатты рейспен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Оңтүстік» өңірлік басқарма башылығы мен офицерлік құрамы ұшқанды. Алайда, шаһарға санаулы шақырым қалғанда әуедегі арыстарымыз ажал құшты.
Шекара шебін қырандай қырағалықпен қорғаған азаматтарымыздың есімдері қашанда ел есінде болмақ. Қаралы митингіге келгендер осыны айтысты. Алдымен олардың есімі қара тасқа қашап жазылған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, облыс әкімі марқұмдардың туыстарына өңір жұртшылығы атынан көңіл айтты.
Қазір ұшақ құлаған қырдың үстіне марқұмдардың әріптестері боздақтарға арнап ескерткіш тұрғызған. Оны тұрғызуға жергілікті билік көмек қолын созыпты. Болашақта бұл жер шекарашылар саябағы атануы әбден мүмкін. Қаруластарының бұдан да үлкен құрметке лайық екеніне шүбә келтірмейтін шекарашылар «қызметте қатарымызда жоғы әлі күнге білінеді» дейді.
Әбусағит Төленов, ҚР ҰҚК «Оңтүстік» өңірлік басқармасы бастығының орынбасары: «Әрине, өте қиын. Жаңадан жастар келіп, қызметтің қыр-сырын үйренгенше қиын болады. Осы кезде сол әріптестеріміздің тәжірибесі, еңбегі қажет-ақ осы кезде.»
Бұл күні ескертшкі жанына жиылғандар бақилық болғандардың рухына құран оқып, дұға етті. Сол кездегі ҰҚК шекара қызметінің атқарушы директоры полковник Тұрғанбек Стамбековтың әпкесі бауырын батыр санаған Оңтүстік халқына алғысын жеткізеді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=BFerT51_CDU[/youtube]
Фарида Стамбекова, Тұрғанбек Стамбековтың әпкесі: «Шекара қызметін басқарып отырған осы жігіттерге, Оңтүстік еліне үлкен рахмет! Осындай ескеркіш орнатып, осылай еске алып, бауырларымызды, балапандарымызды ескеріп жатқаны үшін тағы да мың алғыс айтамын!»
Көрген түстей ағып өткен сарбаздардың ерліктері ел есінде. Қуантарлығы сол — марқұмдардың туыстарына күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан барлық материалдық көмектер көрсетіліп келеді.