Сұмдық! Шымкентте жаға ұстатар жағдай орын алды. Қаладағы қоқыс жәшігінен жаңа туылған нәрестенің өлі денесі табылды. Өз анасы өзегінен тепкен бейкүнә шарана Темірлан тасжолы бойындағы көпқабатты үйдің ауласында жатыр.
Нәрестені таңертең қоқыс төгуге шыққан қала тұрғыны тауып алған. Қалдықтар үйіндісінің жанында жатқан сәбиді, алғашында, ішек-қарын деп те ойлағанын айтады. Жақындап қарағанда барып оның адам баласы екеніне көзі жетіп, дереу полицияға хабар берген.
Гульфия: «Таңертең қоқыс төгуге келдім. Қарасам, қан-қан болып бірдеңе жатыр. Алғашында мән бермедім, өйткені бұл маңда малды сойып, ішек-қарнын итке лақтыратындар көп. Бірақ, жүрегім бірдеңені сезді. Анықтап қарасам, кіп-кішкентай сәби жатыр! Құлағы қалқиған, аяқ-қолдары, көзі бар. Қып-қызыл болып жатыр. Әйелмін ғой, жаңа туылған нәресте екенін бірден білдім.»
Куәгердің айтуынша, шарананы анасы түнде тастап кету әбден мүмкін. Түнгі аязға шыдамаса керек, сәбидің денесі қатып қалған. Оқиға орнына Абай аудандық полиция бөлімінің шұғыл-тергеу тобы келіп, мәйітті сараптамаға алып кетті. Қазіргі уақытта шарананы тастап кеткен тасбауыр анасы іздестірілуде.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда полиция қызметкерлері сол кішкентай нәрестенің шешесін іздестіріп жатыр. Және бұған қоса сот-медициналық сараптама тағайындалды.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=9cbiOvtJKIA[/youtube]
Түс ауа сот-медициналық сараптама мамандары «Айы-күні жеткен шарана өлі туылған» деген тоқтамға келді. Соңғы уақытта елімізде жаңа туылған сәбилерді көшеге тастап кететіндер көбейіп барады. Ал мұндай оқиға Оңтүстікте соңғы екі-үш жылда бірінші рет тіркеліп отыр.