Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әшірбаев 2013 жылда атқарылған жұмыстар бойынша БАҚ өкілдері алдында есеп берді. Соңғы брифингте облыстың бас сәулетшісі өңірімізде алдағы уақытта пайда болатын сәулет нысандары мен көріктендірілетін аймақтар жайлы баяндап берді. Шымкент қаласы республикадағы үшінші мегополиске айналу бағытында биыл қыруар жұмыс атқарылды. Іскерлік-әкімшілік орталығында «Отырар» облыстық кітапханасы мен Көрме кешені пайдалануға берілді.
Жыл соңына қарай бой көтерген «Наурыз» саябағы мен Ардагерлер үйі де көптен күткен нысандар. Игі бастамалардың бірі — Бадам өзенінің жағалауын аббатандыру жұмысы. Қоқыс толған бұл өзен келешекте керемет демалыс аймағына айналмақ.
Бақытжан Әшірбаев, облыстың бас сәулетшісі: «Бадам өзені жағалауын аббаттандыру — ұзақ мерзімді жоба. 50 шақырым жерде болашақта қонақжайлар, дәмханалар, сауықтыру орталықтары, көлік тұрақтары мен жол да қарастырылған.»
Бас сәулетші көпқабатты үйлердің төбесіне мансарда салу ойын тілшілермен бөлісті. Алайда бұл ұсыныс әзірге билік тарапынан қолдау таппапты. Ал елдікемендердің келбетін қалыптастыруда олардың ерекшеліктерін ескеріп, сәулет құрылысын жүргізетін кез келді. Өйткені бұрын қаржы тапшы болса, қазір мүмкіндіктер мол. Тек бұл бағытта жүйелілік қажет деп есептейді сәулетші.
Бақытжан Әшірбаев, облыстың бас сәулетшісі: «Сәулет-құрылысты бақылау, жер комитеті, қала құрылысы — барлығы бір арнада жұмыс істеуі керек. Әйтпесе бүгінде салынып жатқан нысандар сәулет басқармасының келісімін де алмайды. Ол мәселе біздің құзырымызға кірмейді. Мен 1981 жылы сәулетші болып қызмет жасағанда біздің рұқсатымызсыз ешқандай құрылыс жүргізілмейтін. Кеңес Одағы тарағаннан кейін инфроқұрылымдар, газ, байланыс сымы, мұнай құбырларының үстінен нысандар, үйлер салынып ,қазірге дейін соның проблемасы жалғасып келеді. Сәулетті құрылыс болғандықтан, жер учаскесін беру, құрылыс жүргізу жүйелі түрде жүзеге асуы тиіс. Осы талаптарды біз жоғары деңгейде көтерудеміз.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=kMCo9I6Xo-o[/youtube]
Шымкент қаласының бас жоспары бүгінгі заманның талабына сәйкес қайта жасалуы тиіс деп есептейді басқармадағылар. Аумағы кеңейген облыс орталығындағы әрбір нысан, кәріз жүйесі су мұнарасына дейін бас құжатқа енгізілгенде ғана шаһардың сәулетті үйлесімді болмақ.
Оңтүстік Қазақстан облысының елдімекендерінің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында облыстың жас талантты сәулетшілерін тарту және тығыз байланыста болу үшін «Сәулеттік бюро» мемлекеттік коммуналдық мекемесі құрылды. Қазіргі таңда Шымкент қаласын түнгі уақытта жарықтандыру және безендіру-эскиздік жобалары қолға алынды. Таяуда Фосфор сарайының аумағы, 1-Мамыр көшесі және Спутник дүкенінің аумағы көріктендірілмек.