Шырша кессеңіз, шаруаңыз шатақ

Шырша Заңсыз кесілген шыршаны сатсаңыз, 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеп, тіпті, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуыңыз мүмкін. Өйткені, қылқан жапырақты ағаштарды қорғау бойынша облыста 17 арнаулы кезекшілік бекеті мен 16 мобильді топ қырағы жұмыс жасап жатыр. Бүгін де табиғатты қорғаушылар қаладағы шырша сататын нүктелерге арнайы рейд жүргізді.

Орталық әмбебап дүкенінің маңы қазір жаңа жылдық сауда алаңына айналып кеткен. Бұл жерден қазір мерекенің басты рәмізі — жасыл шыршаның түр-түрін кездестіруге болады. Шыршаның барлығы да жасанды. Содан болса керек, сатушылар да жалтақтамайды, алушылар да көп.

 

Жасанды шыршаларды шаһардағы кез келген сауда нүктесінен табуға болады. Бұл қалада тірі шырша сатылмайды деген сөз емес. Қазір Шымкенттегі «Жабық базарда» тамырымен сатылып жатқан жаңа жылдық шыршаның түр-түрі бар. Табиғатты қорғаушылардың да бақылап жүргені осы. Саудаға түскен қылқанжапырақты ағаштардың барлығының да құжатын тексеріп жүр. Бір айдан бері жүргізіліп жатқан рейдтік жұмыстар заңсыз ағаш кесушілердің жоқ екенін көрсеткен.

шыршаСабыржан Арысбай, ОҚО орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы: «Биыл заңсыз ағаш кесу оқиғасы тіркелген жоқ. Жан-жақтан, қорықтардан да материалдар келіп жатыр. Ондай заңсыз шырша шабу оқиғалары анықталған жоқ. Осыған қарағанда халықтың өзі де түсініп, екі-үш аптаға ғана емес, бірнеше жылға пайдаланылатын ағаш кейпіндегі материалдарды алуды жөн көріп отыр деп ойлаймыз.»

Жаңа жылдық шыршалардың бағасына келсек, нарықта қазір жасанды шыршаны 2,5 мыңнан бастап 100 мың теңгенің аралығында саудалауға болады. Ал тамырлы тірі шыршаның құны одан төменірек — 1,5 мың мен 15-20 мың теңгенің көлемінде. Жасыл желектің басым бөлігі Алматыдан тасымалданып жатыр екен.

Сатушылардың сөзіне сенсек, заңсыз кесілген шыршаларды Шымкентте сатуды өзге облыстардың тұрғындары ұсынып жатқан көрінеді. Алайда, бірер бақыр үшін абыройын аймандай етпеуді жөн көрген кәсіпкерлер тәуекелге бара қоймапты. Ал қылқан жапырақты ағаштарды қорғау жұмыстары жыл соңына дейін жүргізілмек.