«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 17 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр

Ордабасылықтар көбейіп келеді. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша ордабасылық тұрғындар саны 116 348 адамға жеткен. Бұл былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 2,7%-ға өскенін білдіреді.

Ордабасы ауданы әкімі Самат Сапарбаев
Ордабасы ауданы әкімі Самат Сапарбаев

Өткен аптада Ордабасы ауданының әкімі Самат Сапарбаев соңғы тоғыз айда атқарылған жұмыстарын қорытындылап, есеп берді. Аудан әкімінің айтуынша, аймақтағы ішкі өнім көлемі 28 млрд 34 млн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 111,4%-ға артық. Өнеркәсіпте де ілгерілеушілік бар. Мұны ауданда 5 млрд 700 млн теңгенің өнімі өндірілгенінен-ақ аңғаруға болады. Аудан әкімі жетістіктерді жеткізумен ғана шектелген жоқ, ақсап жатқан тұстарды да ортаға салды. Мәселен, ауданда құқық қорғау органдарының өкілдері жаппай жұмылса да, заңбұзушылықтарды ауыздықтай алмай отыр. Әсіресе, мал ұрлығының өршіп тұрғанын тілге тиек еткен С.Сапарбаев «жыл басынан бері аудан аумағында 413 қылмыс жасалған, оның 52-сі ауыр қылмыс саналса, 7-уі ерекше ауыр қылмыстар қатарына жатады» деп қынжылды. Сол секілді аудан көлемінде мектеп жанынан жылыжай салу шаруасы шешімін таппай отыр.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 17 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр
«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 17 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 17 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Ал бүгінде 10 жоба мақұлданып, қаржыландырылуда. Үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан көлемінде арнайы 93 гектар жер телімімен ашылған индустриалды аймақтың инфрақұрылымын дамытуға аудан бюджеті есебінен қомақты қаржы қаралды. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша индустриаландыру картасында биыл 4 инвестициялық жоба іске асып, 300-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Соңғы тоғыз айда ауылшаруашылық саласында 15 млрд 654 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 126,8%-ды құрапты. Жалпы ауданда 1 962 гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылуда. Биылғы жылы тамшылатып суару әдісін енгізу бойынша 1047 гектарға жеткізу жоспарлануда. Бүгінде 392 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізіліп, 37,5%-ды құрап отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша биыл 800 бас аналық және 27 бас бұқа алуға тапсырыс берілген. Аудан бойынша 24 инвестициялық жобаға 758 млн 968 мың теңге қаралған. Ал өңірдің кішкентай тұрғындары үшін жұмыс істейтін 24 балабақшаның 13-і мемлекеттік, 11- жеке тұлғалардың меншігінде. Жыл соңына дейін мектеп жасына дейінгі балалардың екі мекемесі пайдалануға беріледі деп күтілуде. 66 мектептің қысқы маусымға сай екені белгілі болды. Биыл облыстық қазына есебінен 1 дәрігерлік емхана мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет бой көтерген. Заман талабына сай тұрғызылған ғимараттарда аудан тұрғындарының алғашқы медициналық көмек алуына бар жағдай жасалыпты.