Қазақстанның басты мерекелерінің бірі — Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар жерлестеріміз баспанаға ие болды. Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылдық округінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері және балалар үйінде тәрбиеленген 48 отбасына үй берілді.
Бұл үйлерді салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Аудан әкімінің қолынан пәтер кілтін алғандардың арасында Галина Жорова да бар. Осы уақытқа дейін екі баланың анасы пәтер жалдап, күн кешіпті. Енді тұрғын үй бағдарламасы бойынша екі бөлмелі пәтерді иеленген оның төбесі көкке екі елі жетпей қалды.
Галина Жорова: «Бірде әпкемнің, бірде туысқандарымның үйінде екі баламмен пәтер жалдап, күн көрдім. Ал бүгін қатты қуанып тұрмын. Бұл пәтер маған өте қымбат, себебі бес жыл кезекте тұрдым.»
Көпшіліктің қуанышын салынған бұл екі қабатты үйдің құрылысна 110 миллион теңге кетіпті. Қазір ауданда тағы 550 отбасы баспана кезегінде тұр.
Уәлихан Қайназаров, Сайрам ауданының әкімі: «Кезекте тұрған басқа тұрғындардың да мәселесін шешуіміз керек. Алда он гектар жерді заңдастыру көзделіп отыр. Оларға жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Осылайша мәселе шешіледі деп ойлаймын.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Enl4vSDVBj0[/youtube]
Дәл осы күні аймақтағы Манкент ауылдық округінде де 100 орындық «Наурыз-бану» балабақшасының лентасы қиылды. Өңірдегі бүлдіршіндер бөбекжайға орналасқанымен қоса олардың ата-аналары да жұмыспен қамтылыпты. Мектепке дейінгі мекемені кәсіпкер Халима Халметова өз қаржысымен ашқан. Айтуынша, жұмысшылардың жалақысы 35 пен 45 мың теңгенің аралығында болады.