Елімізде соңғы кезде теміржол бойында орын алған қайғылы оқиғалардың саны күрт өсіп отыр. Жыл басынан бері шойын жол бойында 42 адам қаза болған. Қайғылы жәйттің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында тіркеліпті. Осыған орай көліктегі ішкі істер департаментінің мамандары Шымкентегі теміржол бойында арнайы рейд шарасын өткізді.
Шымкент және Арыс станцияларының қадағалауындағы шойын жол аумағында биыл 10 адам қазаға ұшыраған. Оның екеуі де жасы кәмелетке толмағандар. Сондай-ақ, 22 адам түрлі дене жарақатын алыпты. Сала мамандарының айтуынша, қайғылы жағдайларға көбінесе адамдардың теміржол бойында қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болады екен.
Сондай-ақ, теміржол бойындағы тұрғындардың басым көпшілігі ережені елей бермейді. Олар үшін арнайы қойылған өткелдер кәдеге аспай да жатады. Бәріне бірдей кінәлай алмаймыз, дегенмен адамдардың біразы рельстерді ары-бері кесіп өтуге әбден дағдыланып кеткен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=KpMxqmEGR_I[/youtube]
Теміржолды кесіп өтетіндердің көбісі — оқушылар. Сондықтан мамандар білім мекемелеріне бас сұғып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бір ғана Шымкенттің өзінде 12 мектеп теміржол желілерінің бойына жақын орналасқан.