Туризм саласында атқарылар іс көп

408

Қазақстан Республикасы статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2013 жылдың қаңтар-маусым айларына туристік қызметтен түскен жиынтық табыс 1 085 624 теңгені құрады. Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Райымбек Жолдас облыс әкімдігінде берген баспасөз-мәслихатында. Басқарма басшысы өз баяндамасында «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында жол бойы инфрақұрылым нысандарын салу жайын да сөз етті.

Қазіргі таңда Түлкібас, Бәйдібек, Сайрам аудандары және Түркістан қаласында жол бойында қызмет көрсету нысандарын салу үшін жер учаскелері мен инвесторлар анықталған. Енді эскиздік жобалар жасалынып, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар Төлеби ауданындағы «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені бойынша инженерлік-коммуникациялық желілерді салу үшін жобалық-сметалық құжат жасалған.

Ал тарихи-танымдық туризмді дамыту үшін Түркістан қаласында жергілікті бюджет есебінен «Саяхатшыларға қызмет көрсету орталығы» мен «Халық қолөнері шеберлері орталығының» құрылыстары жүргізіліп жатыр. Ол орталықтар алдағы уақытта ашылады деді Райымбек Жолдас.

Сондай-ақ, жеке инвесторлар есебінен емдік-сауықтыру орындары мен демалыс аймақтар салынуда. Олардың арасында «Таң нұры», «Изуми» демалыс аймақтары, «Тау самалы» емдік-сауықтыру орындары, «Хадиша «Rixos», «Зерде» қонақ үйлері бар.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=bG6jMJ4OW9o[/youtube]

Басқарма болып құрылғаннан бері атқарған жұмыстарына тоқталған басшы облыс бойынша 9 туристік іс-шара ұйымдастырылатынын да қоса жеткізді. Олар — семинар-кеңестер, слеттер, пікірталас, флеш-моб, қолөнершілер көрмесі және туристік фестиваль. Оның ішінде ішкі туризмді дамытып, шетелдік қыдырушыларды кеңінен тару мақсатында «Туристік индустрияны дамыту» қауымдастығымен бірге отандық және шетелдік, яғни, Ресей, Түркия елдерінің өкілдеріне ақпараттық тур ұйымдастырмақ.

Сонымен қатар, 2014 жылы халықаралық және республикалық деңгейдегі 4 ауқымды іс-шара ұйымдастыру жоспарда бар. Олардың қатарында «Сарқылмас саяхат» қазақстандық туристік жәрмеңкесін өткізу, бейнефильм әзірлеу, сондай-ақ, гид, гид-аудармашыларды, туризм нұсқаушыларын дайындау, Туристік индустрияны дамыту қауымдастығы негізінде «Туристік ақпараттық орталық» ашу секілді жұмыстар бар.

Дереккөз: ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі