Уланып қалмаңыз!

Ботулизм – қоздырғыштары жалпы ағзаның улануына әкеліп соғатын инфекциялық аурудың ауыр түрі. Оның таяқшасы консервіленген, ысталған тағам түрлерінен бөлініп шығады. Негізгі қоздырғышы адамның, жануарлардың және балықтың ішек жолдарында болады.

Анықтама: Ботулизм – латынның шұжық (колбаса) деген сөзінен енген. Алғашқы уланып, қайтыс болған адамның шұжық жеп уланғаны анықталғаннан кейін, аурудың түрі осылай аталып кеткен-ді.  Дертті зерттеген ғалым голландық Эван Эрменгем.
Анықтама:
Ботулизм – латынның шұжық (колбаса) деген сөзінен енген. Алғашқы уланып, қайтыс болған адамның шұжық жеп уланғаны анықталғаннан кейін, аурудың түрі осылай аталып кеткен-ді. Дертті зерттеген ғалым голландық Эван Эрменгем.

Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм адамдарға көкөністен, саңырауқұлақтан, еттен, балықтан, технологиялық ережесі дұрыс сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайда-ланғанда жұғады. Ауру белгісі 2-12 сағаттан кейін байқала бастайды, адамның басы ауырып, ұйқысы қашады, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, аузы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады. Сонымен қатар, көздің қарашығы ұлғайып, зат қосарланып көрінеді, адамның жұтынуы қиындап, бірте-бірте даусынан айырылады. Дәрігерлер мұны афония деп атайды. Ботулизмнің алғашқы белгісі білінісімен, науқасты дереу ауруханаға жатқызу керек. Оған жедел түрде ботулизмге қарсы арнаулы иммунды сарысу егіледі. Мұндай сарысуды науқаспен бірге болып, уланған консервімен тамақтанған басқа адамдарға да егу қажет. Қоздырғыш 8-12 сағат аралығында дамып, ағзаны улайды.

Жедел жәрдем келгенге дейін

Ең алдымен, ішті тазартатын клизма жасау қажет. Егер науқастың өңеші зақымданса, (жұтына алмай қалатын жағдайда болады) міндетті түрде клизма жасау керек. Жұтына алатын болса, натрий бикорбонаты, яғни ас содасының 2 шай қасығын 1 литр суға ерітіп, жылымшы күйде ішкізіп, құстыру керек. Сода токсиннің күшін жояды. Мұндайда жедел қан қысымы түсіп кетеді. Қан қысымын көтеру үшін кофеин салу керек. 1-2 ампуласын жамбасқа салса, жетіп жатыр. Сондай-ақ, тыныштандыратын тұнба, не таблетка беру керек. Ботулизмді үй жағдайында емдеп жазу мүмкін емес. Осыны ескеру керек. Сондықтан, міндетті түрде жұқпалы аурулар ауруханасына барып, толыққанды ем алған жөн. Ботулизмді ауруханада емдеу 10-16 күнге созылады.

Ботулизмнен сақтану үшін консервілеуге дайындалған көкөністерді, жеміс-жидектерді тазалап жуу керек. Оларда топырақтың ұсақ қалдықтарының қалмауын жіті қадағалаңыз.

Ақмарал Алтынбекқызы

Нұрлан ҚАЛЖАНОВ
Нұрлан ҚАЛЖАНОВ

Нұрлан ҚАЛЖАНОВ, Шымкент қалалық Жедел жәрдем стансасының дәрігері:

– Кейбір науқастарда ботулизм көрудің бұзылыстарымен басталады. Көздің алдында тұман, торлар пайда болады. Науқастарда аккомадация парезі, диплопия көрініс табады. Көру қызметі бұзылуына шағым жасаған науқастарды қарап тексергенде, көз алмасы қозғалысының шектелгенін, қарашықтың үлкейгенін (мидриаз) жарыққа қарашық реакциясының болмауын байқаймыз. Ауыр жағдайда толық, сыртқы және ішкі офтальмоплеги – көз алмасының қозғалмауы және қарашық реакциясының болмауы байқалады. Көрудің бұзылысы бірнеше күн сақталуы мүмкін. Жұтынудың бұзылысы да көрудің бұзылысы сияқты ерте пайда болатын симптом. Жеңіл жағдайларда тамағында бір нәрсе тұрғандай сезім болады және қатты, құрғақ тағамдарды жегенде жұтынудың қиындауы байқалады. Ауру әрі қарай өршігенде жұмсақ және сұйық тағамдарды жұту қиындайды. Ең бастысы, тұрғындар ботулизмнің белгілері білінген жағдайда тез арада Жедел жәрдем қызметіне хабарласқаны абзал. Мұндайда тек медициналық көмек қана адам өмірін арашалап алып қала алады.