Облыс орталығы Шымкент көшелерін жаңа жылдық мерекеге безендіру үшін бюджеттен 14 млн теңге бөлінді. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан бұл ақпаратқа сенсек, бұған қосымша 2,5 млн теңге көпшілік мерекелік іс-шараларды өткізуге қарастырылған.
Ал Президент шыршасын өткізуге 700 мың теңге бөлінеді. Жаңажылдық мерекелеу іс-шарасы аясында қаладағы 110 жетім бала жылы киіммен қамтамасыз етілмек екен. Алайда негізгі Шырша Шымкентте Тәуелсіздік күнін атап өткеннен кейін барып қана безендіріледі. Жалпы облыс орталығында биыл да негізгі деген 4 шырша бой көтермек. Олар: Тәуелсіздік, әл-Фараби алаңы, Шәмші аллеясы мен Мұз сарайының алдына қойылмақ.