Жаңа 2014 жыл жүргізушілер үшін тосын сыйын ала келмейді. Мамандар жанармай қымбаттамайды деп отыр. Ол — ол ма, тіпті, АИ-80 және АИ-92 маркалы бензиннің құны төмендеуі де ғажап емес.
Өңіріміздегі «Жанар Жағар Май» қауымдастығының басшылары осылай дейді. Мұның өзіндік себептері де бар. Қыста жанармайды қолдану деңгейі 30-40 пайызға кемитіндіктен, сұйық отынның арзандауы — заңды құбылыс көрінеді.
Қайыпбек Қамбаров, «Жанар Жағар май» қауымдастығының төрағасы: «Қыста жанармайды пайдалану деңгейі шамамен 30-40 пайызға азаяды. Сондықтан, аязды күндері жанармай қымбаттамай, керісінше, арзандауы мүмкін.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=18VEBBvFywo[/youtube]
Айтса — айтқандай, жазды күні облыс көлемінде 50 мың тонна жағармай тұтынылса, қыстың көзі қырауда бұл көрсеткіш 35-40 мың тоннаға жетер-жетпес. Ал мұндай кезде бағасы қымбат Ресей жанармайын сатып алудың мөлшері де төмендейді. Себебі, өзіміздің бензин өзімізге жетіп-артылады. Бұған қоса мұнай өңдеу зауыты жөнделген соң жанармайдың сапасы жақсаруы мүмкін.
Қайыпбек Қамбаров, «Жанар Жағар май» қауымдастығының төрағасы: «Біздің қолымызда бар ақпаратқа сенсек, қазіргі шығарып жатқан жанармайдың сапасы зауыт тоқтағанға дейін шығарылған бензиннен жақсы. Бұл тұста АИ — 80 және 92 маркалы жанармайды айтып отырмыз.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=3Z-T6OP5Hjc[/youtube]
Дегенмен, нарықтағы барлық баға қымбаттап жатқан тұста бұл жаңалық жүргізушілердің барлығын бірдей қуантып отырған жоқ. Олар, әрине, арзан бағаны аңсайды. Қалай болғанда да барлық мәселе көктемде айқындалады. Себебі, дәл осы шақта құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында жұмыс қызады. Тиісінше, жанармайды тұтыну мөлшері күрт артады деген сөз.