Жас полицейлер тәртіпсіздікпен күреседі

769
Жас полицейлер

Оңтүстіктегі Мақтараал ауданының оқушылары «Мемлекет маған емес, мен мемлекетке не бере аламын?» деген қағиданы ұран етіп отыр. Мектеп оқушылары енді тәртіп сақшыларына өз көмегін көрсету арқылы мектеп қабырғасындағы қылмыстардың алдын алуға септіктерін тигізуде.

Жалпы, Мақтараал ауданында 122 мектеп бар. Соның 121-де «Жас полицейлер» топтары жасақталған. Орта есеппен алғанда әр мектептің 7-8 «жас полицейі» бар.

Жас полицейлер
Жас полицейлер

«Жас полицейлер» жасағаның негізгі қызметі – мектеп қабырғасындағы орын алатын тәртіп бұзушылықтарды көрген жағдайда полицияға хабар беру, шылым шегіп жатқан оқушыларға ескерту жасау, сабаққа келмеген оқушылардың себептерін анықтау болып табылады.

Қошқарбаев Ержан, Мақтаарал ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Бұл игі шараның бастау алғаны өте дұрыс болды. Себебі, біз өскелең ұрпақтың тәрбиесінің алдында жауаптымыз. «Жас полицейлер» отрядының құқыққорғаушыларға тигізер көмегі орасан зор деп ойлаймын. Орын алып жатқан тәртіпсіздіктер мен заң бұзушылықтардың жоюлуына енді тек полицейлер ғана емес, сонымен қатар, мектеп оқушыларының кіріскені көңіл қуантады. Енді «жас полицейлер» шылым шеккен, бұзақылық жасаған, сабақтан себепсіз қалған оқушыларды көре қалса, мектебіміздің инспекторы, полиция аға лейтенанты Салтөреев Азаматқа шара қолдану үшін хабар береді.»

«Тәрбие – бесіктен басталады» демекші, қоғамдағы қылмыстарды алдын алу мектеп қабырғасынан басталатыны бәрімізге мәлім. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының арасындағы қылмыстың өршіп тұрғанын ескерсек, бұл тұрғыда «жас полицейлер» жасағының алар орны ерекше.

ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының көмегімен