Жерлестеріміз шатырсыз үйде тұрып жатыр

Шатыры қираған үй

Қалаға қар жаумай тұрып-ақ пәтерінде бүрсең қаққан азаматтар арнамызға толассыз хабарласқан еді. Оған қоса апта басындағы дауыл бірнеше көпқабатты үйдің шатырын ұшырып кеткен болатын. Осы жандардың қар түскеннен кейінгі халі қандай екенін байқап қайтпақ болғанымызда, баяғы жартастың сол қалпында қалғанын аңғардық.

Шатыры қираған үй
Шатыры қираған үй

 Фаина Шурбаева, тұрғын: «Әкімдіктен бір-екі адам келді де «Біз бұл жұмыстарды жасай алмаймыз. Үйіңіздегі 18 пәтердің қожайыны рұқсат бермей жатыр» деді. Қазір жатын бөлме мен әжетханам тастай суық. Тіпті, кіріп болмайды. Сонда не, жауаптылар бізді осылай қысты күні, саршұнақ аязға тоңдырып отыра бере ме? Ал басқа бөлмеге берген жылуының өзі мардымсыз. Күндіз қосады да, түнде өшіріп тастайды. Қысқасы, көмек беремін деген әкімдіктің азаматтары алдап кетті.»

Республика даңғылы, 16 үйде тұратын Фаина Шахитдинқызының жағдайын «Отырар-TV» телеарнасының эфирінен де, осы сайтта да бұған дейін де көрсетіліп, айтылған. Сол кезде жергілікті атқамінерлер көмектесуге уәде еткен-ді. Алайда, қар түсісімен, қарияның жағдайы мүшкіл. Тыл ардагері тұратын пәтердің жартысында жылу сол күйі жоқ. Әбден суыққа тоңған әжей ыстық суды шөлмекке құйып жылынуға мәжбүр.

Айтпақшы, 21 шағынаудандағы 26- үйдің шатыры да сол құлаған жерде жатыр. Әкімдіктегілер біз бұл мәселені шеше алмаймыз, өздерің қаражат жиып, жасатып алыңдар депті. Еске салсақ, осыдан бірер күн бұрын қатты дауыл көп қабатты үйдің шатырын көтеріп жіберген еді.

Ал қатты дауылдың кесірінен шатырынан айрылған Асанбай Асқаров көшесінің бойындағы 41 «А» үйдің де сиқы оғып тұрған жоқ. Жергілікті жұрт қыстың қақаған суығында төбеден сорғалаған судан қорғана алмай әлек. Төтенше жағдайлар қызметкерлері көшеден өткен адамдардың үстіне құлап қалмасын деп, шатырды толығымен алып тастапты. Енді шатырдың жоғынан осындағы 20-ға жуық пәтердің адамдары «мұз дәуірінде» тіршілік етіп жатыр.

 Наталья Николаевна, тұрғын: «Бір аптадан бері тұрмысыз — осы. Жетісіп жатқан ешкім жоқ. Барлық жер малмандай су. Төбеден сорғалаған суды күні-түні тасып, әлекпіз. Тіпті, 10 шақты үйдің тұрғындары туысын паналап кетті. Өйткені, шатырдан аққан су 2-қабатқа дейін жеткен. Бұл не деген масқара! Айтпақшы, Абай ауданының әкімдігі материалдық жәрдем бермек тұрмақ, сөз жәрдемін де бізден аяп қалды.»