– Исмаилбек Ыбырайұлы, қаржы саласында жүргеніңізге келесі жылы 40 жыл толады екен. Аракідік облыстық қаржы басқармасының басшысы да болдыңыз. Шыныңызды айтыңызшы, талай әкім ауысса да Шалабаевтың осы саладан ауыспайтыны неден?
– Өзім қаржыгер болсам, осы саладағы ең төменгі қызмет сатысынан бастап еңбек етіп келе жатсам, қайда кетуім керек? Оның үстіне облысты басқаруға келген кей әкімдер бірінші кезекте менің жұмысымды тексертеді. Оған кейбір «достарым» да себепкер болып жатады. Облыста әкім ауысса болды, «Ішіп қойғаны, жеп қойғаны бар» деп үстімнен арызды домалатып жіберетіні де бар. Өзің айтпақшы 1975 жылдан бері тек қана осы қаржы бөлімінде қызмет атқарып келе жатқандықтан жинаған мол тәжірибеме арқа сүйейтін шығар. Талай тексеруді бастан өткердім. Бірақ, әлі күнге «ішіп қойған, жеп қойғаным» болған емес.
– Менің білгім келгені сізді басқарма басшылығынан әкімдер екі рет алып тастап, орынбасар етті, екі рет қайта басшылыққа тағайындады. Осы бір ауыс-түйсті қалай өткердіңіз? Өкінбедіңіз бе?
– Жоқ, қайта мені басшылық қызметтен алып тастап өзіңіз айтпақшы кандидаттығымды, докторлықты қорғауыма «мүмкіндік» берген сол әкімдерге ризамын. Қазіргі қызметіме де қапагершілігім жоқ.
– Облысымыздың әр жылдардағы бюджетін жатқа білетін шығарсыз, иә?
– Жо-о-оқ, оны жатқа білу мүмкін емес қой. Қағазға қарап айта аламын. (Күлді)
– Мемлекет қаржысын тиімді пайдалануға қатысты дау-дамай жиі туындап жатады. Мақсатсыз жұмсау мәселесі майшаммен қаралады. Біздің шенеуніктердің бюджет қаржысын тап бір өзінің жекеменшік ақшасындай көретіні қалай?
– Жоқ, мен сізбен келісе алмаймын.
– Неге?
– Егер, мемлекеттің қаржысын өз қаржысындай көретін болса, оны біріншіден үнемдей білетін еді. Екіншіден мақсатты жұмсар еді. Үшіншіден жұмсаған қаржыдан нәтиже алатындай болуы керек. Мысалы, сіз базарға барып, балаңызға киім, оқу құралдарын алатын ақшаны басқа затқа жұмсамайсыз ғой. Әрі керек затты аларда ақшаны үнемдеу үшін сатушымен бағсын төмендетіп, саудаласасыз. Осылайша, біріншіден міндетті түрде керек затты аласыз. Сол киіммен мектепке жібересіз. Яғни сіздің түпкі мақсатыңыз баланы мектепке жіберу болды. Жәй киім алып қана қоюды ойлаған жоқсыз. Баланың мектепке баруын мақсат тұттыңыз. Нәтижесінде балаңыз мектепке барды. Яғни қалтаңыздағы қаржы мақсатты, нәтижелі жұмсалды. Сол сияқты, мемлекеттің қаржысын да шенеуніктер өз қалтасының қаржысындай көрсе, сіз айтып отырғандай мақсатсыз жұмсау фактілері болмас еді. Игерілмей қалу сынды кемшіліктер орын алмас еді.
– Сондай кемшілік әсіресе, қай салада жиі кетіп жатады?
– Инвестициялық жобаларға бөлінген қаржыда осындай кемшілік орын алатыны жасырын емес. Құрылысқа бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына үлкен мән берілуі керек. Кеңес заманында бұл салада мықты жоспар болатын. Нақты мақсат түзілетін. Әр шеге мен тақтай, цемент есепке алынатын. Ал қазір қалай?
Мысалы, аудан әкімдері көбіне «бізге мектеп ауадай керек» дейді. Дұрыс, халық көбейіп жатыр, апатты жағдайдағы мектептер көп. Бұрынғысы тар. Үш ауысымда оқып жатыр деген дәйектерді алға тартқанда мектеп салудан қаржы аянып қалғаныңа ұяласың. Бірақ, «ана жер бос жатыр» деп мектеп салуға жобалаған жердің түптеп келгенде бір күні иесі табылады. Себебі, өздеріңіз білесіздер, облысымызда бос жатқан жер жоқ. Әрбір жердің иесі бар. Одан қайта сатып алу керек болады. Бюджетті жоспарлаудың ережесі бар. Мектеп салу үшін алдымен жерді анықтап, нақтылап алу керек. Ойпатта ма, қыратта ма, геодезиялық зерттеу жүргізіліп, техникалық-экономикалық негіздеме, архитектуралық жоба жасалып барып қана, жобалық сметалық жобасы жасалады. Сосын ғана, қаржы қаралуы керек. Ал бізде алдымен қаржыны қарастырып алуға күш салады. Болжау арқылы қаржы бөлдіруге тырысады. Ақырында ол қаржы не жетпей, не игерілмей қалып жатады.
– Сонда, осы заңдылықты біздің шенеуніктер әлі күнге білмей ме?
– Білмейді дей алмаймын.
– Оны сұрап отырғаным, 2010 жылдан бері аудан, қала әкімдіктерінде «бюджет қаржысын тиімді пайдалану» тақырыбында ликбез сынды сабақтар, жиындар өткізілуде. Сіз Шымкент қаласы әкімдігінде сондай жиында жақында баяндама жасадыңыз. Яғни, бюджет қаржысын тиімді жұмсауға жауапты мамандардың қарапайым қағидаттарды әлі күнге білмейтіндігінен осындай басқосулар ұйымдастыруға тура келгені ғой?
– Білуін біледі. Меніңше бар мәселе көбінің тәжірибесіздігінен. Тәжірибенің өзі жылдар өте қалыптасатын дүние. Әйтпесе, шетелде маңдай алды оқу орнын бітіріп келсең де өмірлік тәжірибең болмаса қателікке ұрынғаның ұрынған. Сосын, Кеңес кезінде жоспарсыз ештеңе жасалмайтын. Қазір, көбіне болжам жасау дегенді ұстанатын болдық. Экстрасенстер секілді болжау, алдын ала болжам жасау дегенге үйір болып алдық. Осы жағы маған ұнамайды. Нақты, айқын жоспар болмайынша қаржыны тиімді, үнемді пайдалану мүмкін емес. Төрт жылдан бері облыс әкімдігінің 459-шы Қаулысын басшылыққа ала отырып, аудан-қалаларда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сол баяндамалар негізінде керек кеңестер секілді осы қаулылар стол кітапшасындай алдарында жату ыкерек.
– Жыл сайын түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, Үкімет тарапынан «қаржыны толық игермеген» облыстар сапында біздің Оңтүстік неге атала береді?
– Оныңыз рас. Дегенмен, жыл өткен сайын біз игерілмеген қаржы көрсеткішін төмендетіп келеміз. Мысалы, 2012 жылы бюджет қаржысын игеруде 96,6 пайызға қол жеткіздік. Былтыр 99,8 пайызға игердік. Мұндай көрсеткіш бұрын бізде болған емес. Себебі, қаржыны 100 пайыз игеру мүмкін емес. Мысалы, 30 күн пайдаланған жарық үшін 31-інші күні барып, ақысын төлей қоймайтынымыз рас қой. Сол сияқты жыл соңында игерілмеген қаржы шығуы заңдылық.
– Алдайда депутаттар «мемлекеттен бөлінген қаржыны толық игере алмаған басшыны заң алдында жауапкершілікке тарту керек» деген ұсыныстар айтуда. Айтыңызшы, мұндайда кімді жауапқа тартқан жөн?
– Бұған мемлекеттік бағдарламаның әкімшісі боп табылатын сала басшысы тікелей жауап беруі керек. Мысалы, инвестициялық жобалардың әкімшісі жобаның әрбір нүкте үтіріне дейін алдын ала есептеп, нақтылап, болжап отыруы керек. Қаржының қай күні қанша пайызы игеріле алатынына дейін анықтағаны жөн. Ал қаржыгер сол жобадағы жоспарға сай ақшаны дер кезінде тауып бере алмаған жағдайда ғана кінәлі бола алады.
– Исмаилбек аға, ел аузында «Ақша санағанды жақсы көреді» деген түсінік бар. Сіз ақшаңызды қанша рет санайсыз?
– Қаржы басқармасындағылар бүкіл облыстың қаржысын қалтасында ұстап жүр деп ойлайсыз ба…(Күлді).
– Жоқ, мен өз ақшаңызды сұрап отырмын.
– Е-е-е-е, өз ақшамды күнделікті санап тұрамын дей алмаймын. «Ақшаны санаса көбейеді» дегенге де сенбеймін. Күнделікті несіне санай беремін. Себебі, азық-түлікті аптасына бір рет базарға барып сатып алып қоямыз. Сондықтан күнделікті жолкіре мен нанға, шайға жұмсайтындықтан, оның несін санай беремін.
– Ал мемлекеттің қаржысын жылына неше рет санайсыз?
– Мемлекеттің ақшасын әр айда, тіпті он күн сайын санаймыз. Алдын ала болжам жасап, анализ түзіп отыру үшін санап тұру керек. Орайы келгенде айта кетейін, сіздер көбіне шығысты сөз етесіздер де, кіріске мән бермейсіздер. Әрине, экономикамыз көтерілген сайын кірістің де ұлғаятыны рас. Дегенмен былтыр 2012 жылмен салыстырғанда бюджет кірісі 8 млрдқа артты. Бұрын мұндай кіріс болмаған.
– Бәлкім бұл мемлекет қаржысын 10 күн санап тұрғанның арқасында шығар…
– Қайдам…
– Ақыры бұрынғыны еске алып қалдық, осы орайда айтыңызшы, облысымыз қаржылық тығырыққа қатты тірелген кез қай жылдар еді?
– Ең қиын кезең қаржы саласында 1995 — 98 жылдары болды. Айлық жалақыдан қарыз мекемелер саны күн санап артты. Коммуналдық қызметке қарыз мекемелердің суы, жарығы өшіріле бастады. Қаржы сұрап, есігімізді қағатын сала басшылары жиіледі. Мектептерде тіпті бор, тақтаны сүртетін шүберек алуға қаржы таппадық. «Айлықтарыңнан алыңдар» деуімізге тура келді. Жалақы мен жәрдемақының орнына ауылдық жерде шөп, киім, қысқасы тауар күйінде есептесіп жатты. Жалақыға бидай бергенге қуанған елді көрдік. Осындай қиындық 1999 жылға дейін қолымызды байлады. Соның салдарынан ғой, асарлатып мектеп салуға дейін барғанымыз. Мектепті асар әдісімен салу қылмыспен пара-пар. Бірақ мектептің жетіспеушілігі туындап тұрғанда, қаржының жоқтығы қолды байлап жатқанда амалсыздан осылай етуге мәжбүр болдық. Ең алғашқы қомақты қаржы облысымызға 1999 жылы 1 қыркүйекте түсті. Оның өзі мұнайдың бағасының өсуінің арқасында ШНОС-тан түскен. Алғашқыда бұл қаржы қайдан келді деп таң қалғанымыз бар.
– Облыстық газеттен сіздің «Сары шешей» деген эссе әңгімеңізді оқыдым. Шынымды айтсам, таң қалдым.
– Неге?
– Бұл белгілі қаржыгердің ақша санаудан жалыққандығы ма әлде…
– Мен эссе, кішігірім әңгімелерді 50 жасымнан бастап жаза бастадым. Жылдар бойына ойымда, қиялымда жүрген дүниелерді пісіріп, қағазға түсіруді жөн деп шештім де біраз жыл бұрын «Өмір өткелдері» деген кітап шығарғанмын. Оқығандар мақтап жатты. Жылы қабылдады. «Сары шешейді» жазуға сол қолдау септігін тигізді. Негізі мені туғанда анам – 47, әкем 55 жаста болған екен. Яғни мен ата-анамның еркесі болдым. Анама еріп, құдайы, той-томалақтан қалмадым. Ал бұрындары ондай жиын тойларда өнегелі әңгіме, ұлағатты тәрбие берілетін. Мен соны көріп, көкірегіме түйіп өстім. Уақыт өте келе көкірегімдегі сол ойды шығарғым келді. Ұрпағым оқып, білсін деген ниеттен осындай эссе әңгімелерді қағазға түсіріп жүруді әдетке айналдырдым. Бәлкім бұл жастың ұлғайғандығынан болар …
– «Жасым ұлғайды» деп әңгіме, өлең жазып кеткен қаржыгерлер көп емес. Есепшотпен қатар жазу сызуға жақындығыңыз болғаны да. Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз?
– Мен прокурор болғым келетін. Әкем үнемі адал, әділ бол деп отыратын. Жоғары қызметтегі бір ағамызды үнемі үлгі ететін. Қаржыгер болсам да әкемнің сол аманатына адал болдым.
– Әңгіме жазуыңыздың себебін білдік. Ал «Қаржы» газетін не үшін шығардыңыз?
– Газет шығарып, пайда табуды көздеген жоқпын. Саясат үшін де қажетсінбедім. «Қаржыны» шынын айтқанда қағаз тапшылығы кезінде аудандардағы қаржы бөлімдеріне қажетті нормативті құқықтық актілерді тарату үшін шығаруға мәжбүр болдық. Қазіргідей факс, интернет жоқ заманда тек осы газет арқылы аудандарға ақпараттық жаршы ретінде түсіндіру көмегін көрсетіп келдік. Сол кезде бізде қаржы бөлімінде екі ақ компьютер болатын. Содан-ақ түсіне беріңіз, күн сайын жаңадан шығып жатқан нормативтік-құқықтық заң актілерін ауылдағы мамандарға жеткізу қаншалықты қиын болғанын. «Қаржы» осы қиындықты жеңілдетті.
– Елуде эссе жазып бастадыңыз. Келесі жылы 60-тасыз…
– Не істейсіз демекшісіз ғой…(Күлді) Қызметімді әрі қарай абыройлы жалғастырамын. Қолым боста кітап жазсам деймін. Көргенімді, көкірегіме түйгенімді кейнгі жастарға жазып қалдырғым келеді.
– Ниетіңізге жетіңіз. Шынайы сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан – Жәмила МАМЫРӘЛІ