Әлемде қаланың қақ ортасынан бастау алатын өзендер өте сирек кездеседі. Cоның бірі — Шымкенттің ортасынан құлай аққан Қошқарата өзені. Бұлақ суы бірнеше аурудың еміне шипа. Алайда тұрғындардың әрекетінен өзен суы бастапқы қасиетінен айрылуы мүмкін. Ғылыми-зерттеу орталығының мамандары судың құрамын зерттей келе аса қатерлі жұқпалы аурулардың індеті бар екенін анықтады.
Жергілікті тұрғындар көліктерін Қошқар ата өзеніне жууды әдетке айналдырған. Үйіндегі лас заттарды әкеліп, таза бұлақ суына шайып кету қыс ауасында да толастамай отыр. Тіпті, жүк көліктері мен автобустардың иелері де шаң-тозаңдарын осы маңда жуып кетеді.
Ұлығбек Ишметов, қала тұрғыны: «Міне, лас баклажкалар су бетінде қалқып жүр. Көлігі бар адамдар машиналарын күнде осы жерде жуып кетеді. Онысымен қоймай, көлік жуған шүберектерін де тастап кетеді. Бұрын біз кішкентай кезде осы жерден су ішетінбіз. Қазір қалай ішесің мынандайларды көріп тұрғасын?! Жазда балалар ыстықтағанда осы жерге түседі. Ауру болмай кайтеді?»
Биология ғылымдарының докторы Ақмарал Исаева судың құрамын зерттей келе онда адам өміріне қауіпті індеттің бар екенін анықтады. Себебі тұрғындар күнделікті сабын мен химиялық заттарды суға араластырады. Бұл түрлі аурулардың өршуіне әкеп соғады дейді.
Ақмарал Исаева, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ экология және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры: «Кір жуатын ұнтақтың 1 пайызының өзі кері әсер көрсетеді. Барлық синтетикалық жуғыш заттың ішінде ең жаманы — ыдыс жуатын заттар. Оның ішінде, әсіресе, «Фейри» жаман.»
Бұрынғы жылдары ел ішінде осы өзен бойындағы таза бұлақтардың суы асқазан, ішек жолдарын тазартып, қан айналымын жақсартады деген де әңгіме айтылатын.Ал қазір өзен суынан ауруға ем болады деген адам ауруын асқындырып алу ғажап емес.