Өңіріміздің таулы аймақтарында орналасқан ауылдарды су алу қаупі бар. Қауіпсіздік шараларын күшейтіп, дайындықты пысықтаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов селекторлық жиын өткізіп, жағдайды жіті қадағалауды тапсырды. Бұған дейін ккі күн бойы толассыз жауған қар енді жаңбырдың салдарынан бірден ери бастады. Ал ауа райын болжаушылар алдағы екі күн жауын-шашынды болады деп отыр.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Ал енді сол қауіпті аудандарда екі күн бойы жауын жауатын болса, қардың бәрі бірден еритін болса, су тасқыны әбден болуы мүмкін.»
Сондықтан кез келген төтенше жағдайға сақадай сай болуды, барынша алдын алуды тапсырды өңір басшысы. Өйткені былтыр дәл осындай қолайсыз ауа райының салдарынан Сарыағашта су тасқыны орын алып, жұртты әбігерге салған болатын. Ал биыл сарыағаштықтар тыныш. Есесіне таулы аймақтарға жақын орналасқан елдімекендерде қауіп басым.
Көктембек Табылдиев, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы: «Кентау қаласы бойынша Ащысай елдімекенінде, Бәйдібек, Төлеби, Түлкібас аудандарында таудан бастау алатын өзен жағалауындағы елдімекендердегі жағдайды бақылауға алып отырмыз.»
Селекторлық жиын барысында аудан-қала басшылары қар тазалап, оны қаладан сыртқа шығару жұмыстарымен айналысып жатқандарын баяндады. Айта өтейік, айдың соңғы күндері күн суытып, жаңбыр жауады, арты қарға айналады деп күтілуде. Ал төтенше жағдай қызметкерлері «табиғаттың тосын мінезіне сақадай саймыз, техникамыз жабдықталған, асуларды қардан тазалап отыруға қауқарымыз жетеді» деп отыр. Тағы бір қуантарлығы — Сырдариядан төніп тұрған қауіп жоқ. Бірақ 25-ші және 27-қаңтарда күн суытып, -10 градусқа дейін баруы мүмкін. Соңғы екі-үш күнде Созақ ауданында ең төменгі ауа температурасы тіркелген. Тасты ауылында қалың түскен қармен бірге боран соғып, -28 градус суық болыпты.