Төрт перзентін сатып жіберген 28 жастағы әйел Сарыағаштың тұрғыны. Бала-шағасын 9 жыл азаматтық некеде тұратын жолдасынан тапқан. Тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасы былтыр бұзылған. Ері ішімдікке салынып, бетімен кеткен соң жалғыз қалған келіншек шарасыздықтан балаларын сатыпты. Оның айтуынша балаларын бағып қағатын баспанасы болмаған, ішерге ауқат, киерге киім таппаған.
Бауыр етін саудаға салған анаға алымсақты мейірбике тауып беріп отырған екен. Жағдайы нашар жанұяға жаны ашыған ақ халатты жан мейірімді іс жасаймын деп қылмысқа барғанын айтып ақталды.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары төрт баланың екеуін тапты. Біреуі дәрігерлердің қадағалауында. Екіншісі, 7 жасар Қалипа туыстарының үйінде. Бүлдіршіннің айтуынша, барған жерінде де «бөтендік» көрген.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=KxOipg2Lrq8[/youtube]
Қалған екеуінен әзірге хабар жоқ. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, балдарын сатқан әйел бір жарым миллион теңге пайда көрген. Бұрынғы жарынан жәбір көрген келіншектің аяғы тағы да ауыр. Соған қарамастан ол заң алдына жауап беретін болады.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:»Күдіктінің өзі яғни балдардың анасы екі қабат. Ішіндегі баласы 6 айлық. Ал істегені ауыр ауыр қылмыстардың санатына жатады».
Қазір, жұрттың жағасын ұстатқан осы оқиға бойынша «адам сату» бабымен іс қозғалған. Ал саудаланып кеткен 4 баланың екеуі қазір іздестірілуде.