65/06 әскери бөлімінде ішкі әскердің мерейтойы өтті

399
Әскери қызметкерлер марапатталды

Әскер. Қатаң тәртіп.Тынымсыз дайындық-шынығу сабақтары. Мұның бәрі қоршаудағы қырағы көзді сарбаздарға таныс ұғымдар.

Ішкі әскерге енді ғана қосылып, сарбаз атанғандар туыс-бауырды ғана емес, туған ауылды да сағынып жүргенін жасырған жоқ. Бірақ бұл сарбаздар бәрінен Отан алдындағы борышын өтеуді биік қойып отыр. Павлодар облысынан келген Айдос Жұмаділ болашақта әскери қызметкер болуды армандайды.

Айдос Жұмаділ, 65-06 әскери бөлімінің сарбазы: «Менің ішкі әскерге келгеніме 2 аптадан енді ғана асты. Таңертең сағат 6-да тұрамыз, жаттығу жасаймыз. Сағат 8-де таңғы ас ішеміз. Осылай күн тәртібі өрбиді. Кешкі сағат 22-00-де ұйқыға жатамыз. Сарбаз болу қиын деп айта алмаймын. Бірақ жауапкершілікті сезінемін.»

Әскери қызметкерлер марапатталды
Әскери қызметкерлер марапатталды

Бұл күні осы сарбаздардың жетекшілері марапатталды. Ел аумағында ішкі әсердің құрылғанына 22 жыл толу құрметіне орай офицерлер бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды. Осындай құрметке бөленгендер арасында Нұрлыбек Әбиев те бар. 25 жасар командир қызметінің жүгін жасырмай айтып берді.

Нұрлыбек Әбиев, автомобильдегі жедел мақсаттағы байланыс взводының командирі: «Таңертең жұмысқа келгеннен бастап, сарбаздарды көзден таса қылмауға тырысамыз. Олар біздің бақылауымызда болады. Бұдан бөлек оларға әскери жаттығуларды үйретіп, сабақтар өтеміз. Айтқанға оңай болып көрінгенімен, бұл біз үшін әжептеуір қиын.»

ҚР ІІМ ішкі әскері осыдан 22 жыл бұрын құрылған. Арнайы ант та сол жылы қабылданған. Ал ардагерлер 1992 жылғы әскери өмірдің ахуалын ешқашан ұмытпайды.

Мәжит Жүсіпбаев, 65/06 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Ол кезде 35-36 жаста едім. Қиындау болды ол заман. Мынау еліміздің жағдайына байланысты мұнда көгілдір отын деген болмады. Жарық та өшірілген еді. Әлі есімде, сарбаздарға тамақты далада дайындайтынбыз. Ол кезде, тіпті, жылу да болған жоқ. Ішкі әскер тамақтан қиналмаса да, осындай коммуналдық мәселелер туындағанын жасырмаймын. Ал қазір Елбасының өзі ішкі әсердің жағдайына көңіл бөліп, сарбаздардың жағдайы өте жақсы деп айтуға болады.»

Қиын-қыстау заманға төтеп берген ішкі әсер бөлімдерінің бүгінгі толқынының да мақсаты бір — Отанға қызмет ету. Аманатты арқалаған сарбаздар ел аумағындағы түйткілді оқиғаларға атсалысып, шешімін табуына үлестерін қосып жүр. Ендеше, енді ғана жиырманың екіншісін бағындырған ішкі әскер бөлімінің жасағы өз бағытынан айнымайды деген сенімдеміз.