Сарыағаштағы Қапланбек ауылдық округіндегі Ақниет ауылының оқушылары үшінші тоқсанды жаңа білім ошағында бастады. Елдімекеннің балалары осыған дейін іргетасы 1937 жылы қаланған апатты мектепте сауатын ашқан еді.
77 жылдан бері тар сыныптарда қысылып-қымтырылған шәкірттер үш ауысымда дәріс алуға мәжбүр болған. Заман талабына сай компьютер, лингафон кабинеттері, ғаламтор сынды қажеттіліктер тұрмақ, білім нысанының өзі тіреуіштерге тіреліп әзер тұрған болатын. Алайда, жылдың басы ақниеттіктерге қоңды болып келіпті. 300 балаға арналған еңселі үш қабатты ғимаратта енді шәкірттер екі ауысымда білім алатынына қуанып жүр.
Негізінен «Ұлықбек» атындағы орта мектеп бастапқыда өзбек мектебі болып құрылған. 2005 жылдан бастап қана қазақ сыныптары қосылып, қазір білім ошағы қазақ-өзбек мектебі ретінде жұмыс жасауда.
Мектептің 5-сынып оқушысы Мухлиса Полатованың айтуынша, ескі мектепте Кеңес кезінің партасымен оқыпты. Стол, орындықтар да болмаған. Енді лингафон кабинетіне қажетті құрал-жабдықтардың келгеніне қуанған шәкірт жаңа мектепті бүкіл сыныптастары болып бір жылдан бері күтіп жүргенін қуана айтады.
Облыстық білім басқармасындағы мамандардың айтуынша, апатты әрі үш ауысымды мектептері бар аймақтардың қатарын Сайрам, Қазығұрт және осы Сарыағаш аудандары бастап тұр. Осы проблеманы шешу үшін қазір аудан әкімдігі Сарыағашты «құрылыс алаңына» айналдырып жіберген. Жылқы жылының өзінде ауданда жаңа 19 мектеп салынбақ.
Жалпы, сарыағаштықтар 2016 жылға дейін ауданда апатты жағдайдағы мектеп болмайды деп сендіріп отыр. Облыс бойынша былтыр 86 мектеп салынса, соның 54-і пайдалануға беріліпті. Биыл да қызыл таспасы қиылатын білім ордалары көп болады дейді сала мамандары. Өйткені, 2014 жылы облыс бойынша тағы да 70 мектеп салынады.