Абай ауданындағы елдімекендер газ, су, жол, жарықпен 2015 жылы қамтамасыз етілмек

470

Үш баланың анасы Гүлчехраның Ынтымақ-2 шағынауданына көшіп келгеніне 2 жылдан асқан. Ол тұратын елдімекен қала аумағына кіргенімен, әзірге шалғайдағы ауылдың кейпінен кері көрінеді. Мұнда ауызсу, газ, жол жоқтың қасы. Отанасы, әсіресе, тіршілік нәрінің жетіспеушілігі көп нәрсеге қол байлау болғанын айтады.

Гүлчехра Шәурікова, Ынтымақ-2 елдімекенінің тұрғыны: «Немерелерімнің кірлерін жууға қиналамыз. Цистернамен 2 жарым, үш мың теңгеге су сатып аламыз. Қазір бала-шағамен қиналып отырмыз. Үміттеніп, күтуден басқа амал жоқ.»

«Сабыр түбі — сары алтын» демекші, Гүлчехра Шәурікова мен сол секілді тұрғындардың арманы орындалатын секілді. Себебі, Абай ауданы әкімдігінің мамандары өткен жылдың өзінде 12800 абонентке тіршілік нәрі тартылған дейді. Биыл да бұл іс жалғасын таппақ.

Ахмет Татыбаев, Абай ауданының әкімі: «Тағы да төрт елдімекенге осы жылы су береміз. Ол Ынтымақ-1,Ынтымақ-2, Самал-3, Ақжайық елдімекендері. Жалпы, 11752 абонентке су беріледі.»

Былтыр бір ғана Абай ауданында 8400 абонентке, яғни, 6 елдімекенге газ берілген. Биыл болса көгілдір отынға қол жеткізетін тұрғын үйлердің саны 15 мыңнан аспақ. Солардың ішінде Ынтымақ-2 елдімекені де бар.

Сонымен қатар, аудандағы көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларына 32 спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Ал 3 аулада шынығу алаңдары бой көтермек. 2013 жылы ауданда ұзындығы 99 шақырымды құрайтын 24 көшеге асфальт төселіп, 18 шақырым жолға шағал тасталған. Биыл тағы 110 көшені нақ осылай жөндеу жоспары бар.

Әкімдіктегілер биылдан бастап тың бастаманы қолға алғандарын айтады. Мәселен, енді әр көпқабатты үйдің кіреберісіне тазалыққа, тәртіпке, басқа да мәселелерге жауапты мекемелер жайлы ақпар жазылған тақтайшалар ілінбек. Және де үстіміздегі жылдан бастап көше атаулары үш тілде жазылатын болады.

Ахмет Татыбаев, Абай ауданының әкімі: «Биыл 5 миллион теңге бөлінді. Бұл ақшаға 5 мың тақтайша ілінетін болады. Ендігі жылға тағы да бір 18 миллион теңгедей қаржы бөлінеді біздің аудан бойынша. Көшенің барлығындағы тақтайшаларды толығымен ауыстырып бітеміз деп ойлаймыз.»

Мұндай игі бастамалар халықпен жұмысты жандандырып, бүгіннің өзінде жемісін беріп жатқан көрінеді. Сөз соңында аудан әкімі Ахмет Татыбаев  аумақтағы 26 елдімекенді газ, су, жол, жарықпен  2015 жылы толықтай қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын айтады.