Ауру бала қайдан шығады?

3-020

Ұлт саулығы. Дүниеге дені сау сәби әкелу – әр әйелдің арманы. Дегенмен, бүгінгі таңда бүйрек ауруы, қан аздығы, қалқанша безінің патологиясы мен қоршаған ортадағы судың сапсыздығы іштегі ұрыққа да әсер етеді. Соның салдарынан құрсақтағы шарана толық дамымайды, жетілмейді. Ал, қанмен, қоректік заттармен толық қамтамасыз етілмеген нәрестенің туғаннан кейін денсаулығы нашар болады. 

Құрсақтағы баланың дұрыс қалыптасуы үшін жүкті әйел дұрыс әрі уақытылы тамақтануы керек. Яғни, күніне кемінде 70-100 гр ет тағамдарын жеу керек. Бұршақ дақылдары, сүт өнімдерін ас мәзіріне қосқан жөн. Сонымен қатар, 400 гр жеміс пен көкөніс өнімдерін жеп тұрған абзал. 

Болашақ ана тамақтан-ғаннан соң, 2 сағатқа дейін шай ішпеуі керек. Шайдың орнына тосап, қайнаған су, шырын ішкен жөн. Өйткені, шайдың құрамындағы танин тағамнан бөлінетін темірдің сіңуіне кедергі жасайды. Темірдің жетіспеушілігі қан аздығына әкеп соғады. Өз кезегінде, қан аздығы ұрық пен болашақ нәрестенің дамуына кедергі жасайды.

Жатырдағы баланың дұрыс дамуын қамтамасыз ету – әйелдің басты міндеті. 

Дені сау сәбиді дүниеге әкелу үшін ерлі-зайыптыларға жос-парлы жүктілікке дейін міндетті түрде медициналық тексеруден өту керек;

 

Зүлипа ӘЗІРЕТӘЛІҚЫЗЫ
Зүлипа ӘЗІРЕТӘЛІҚЫЗЫ

Зүлипа Әзіретәліқызы, психолог:

– Қыз бала 13 жастан асқан соң оның бойында өзгерістер пайда болады. Бұл – болашақ ана болудың алғашқы белгілері. Осы сәттен бастап, қыздар өздерінің денсаулықтарына дұрыстап қарауы керек. Яғни, тазалық деген сөздің мәнін түсіндірген абзал. 15 жастан асқан соң бойжеткендер гинекологтың қабылдауына барып тұру керек. Бұл да маңызды. Себебі, кейбір жағдайларды олар аналарына, құрбыларына айта алмайды. Міне, осы кезде ешбір қымсынбай, гинекологтың немесе психологтың көмегіне жүгінуге болады. Ашық әңгіме арқасында қыздар өздеріне көптеген қажетті ақыл-кеңестер алады. Бұл – қыздарды ана болуға дайындаудың бірден-бір тиімді жолы. Қыз баланы кішкентай кезінен бастап ар-намысын тұмарындай сақтап, жеке басының гигиенасына асқан жауапкершілікпен қарауға үйрету керек. Сол кезде ғана қоғамда кеңінен тарай бастаған жасанды түсік жасату, тастанды бала дегендей үлкен кемшіліктердің түбіне балта шабылады.

– Ананың бойына бала біткенге дейін және жүктілік кезінде салауатты өмір салтын қалыптастырып, зиянды әрі жүйкені тоздыратын жұмыстан бойын аулақ ұстағаны жөн. 

– Болашақ ана жүктіліктің 12 -ші аптасына дейін әйелдер кеңесіне есепке тұрып, босанғанша кем дегенде 4-5 рет дәрігердің қабылдауында болуы керек.

 

Элмира Қожахметова
Элмира Қожахметова

Элмира Қожахметова, Шымкент қалалық №1 әйелдерге кеңес беру орталығының акушер-гинекологы:

– Емханаларда, әйелдер кеңесінде отбасын құру кабинеті жұмыс істейді. Бұл жерде білікті мамандар балалы болудың мән-маңызын айтып береді. Ерлі-зайыптылар алдын ала медициналық тексеруден өтіп, өз денсаулықтарын тексеріп алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар генетик мамандармен де кеңесіп, түрлі аурулардың пайда болу себептері жайында мәлімет алып, оларды болдырмаудың жолдары қарастырылады. Бұл дегеніміз – балалы болуға үлкен жауапкершілікпен қараудың басты баспалдағы. Яғни, ертеңгі күнді бүгін ойлау деген сөз. Бұл да жас отбасы үшін аса қажетті көмек. Осының барлығын пайдалану керек.

Аяғы ауыр әйелдердің барлығы бірдей уақытымен есепке тұрады деп айту қиын. Түрлі себептерге байланысты 3-4, тіпті 5-6 ай болған кездің өзінде келетін болашақ аналар бар. Бұл дегеніміз алтын уақытты өткізіп алу. Яғни, басында жасалатын ем-шараның көбі қалып қояды. Аяғы ауыр әйелдің ағзасында өзгеріс күнде болып тұрады, тіпті, сағат сайын десе де болады. Сондықтан да уақытымен тексеруге келіп тұруға олар міндетті. Бұл алдымен ананың денсаулығы мен іште жатқан шарананың дамуын қадағалауға үлкен мүмкіндік береді.

Айжан Ермекқызы

Артық болмас білгенің…

1-қаңтар күні облыстық №2 перинаталдық орталықта 23 сәби туылды. Нәрестелердің 14-і қыз (1 жұбы егіз), 9-ы ұл. Жалпы облыс бойынша Жаңа жылдың алғашқы тәулігінде 264 сәби дүниеге келген.

* * *

2014 жылдың 1-қаңтарынан бастап туылған бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін белгіленеген мемлекеттік жәрдемақының мөлшері:

– 1-ші балаға – 10 186 теңге;

– 2-ші балаға – 12 038 теңге;

– 3-ші балаға – 13 890 теңге;

– 4-ші және одан кейінгі туылған балаларға – 15 742 теңге төленеді.