Мақтаарал ауданына қарасты Қазыбек би ауыл округінің Жамбыл ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Нысанның құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған.
Ауылдықтарды аудан орталығына сенделтпей, өздерінде алғашқы медициналық көмек көрсететін пункттің құрылысына қазынадан 32 миллион теңге бөлінген. Жаңа жылы жаңа ғимаратқа кірген фельдшерлер Жамбыл ауылының екі мыңға жуық тұрғынының саулығына жауапты.
Мұнда бір жасқа дейінгі балалар мен аяғы ауыр әйелдердің жағдайы жіті қадағаланады. Соңғы заманауи құрылғылармен жабдықталған медициналық пункте үш қызметкер бар.
Күлзина Бұлтбаева, фельдшерлік-акушерлік пунктің меңгерушісі: «Қазіргі таңда мүмкіндік зор деп айтсам да болады. Барлық жағдай жасалған. Науқастарымызды өзіміз қадағалап, өзіміз емдейміз. Әсіресе, бір жасқа дейінгі балаларды қадағалауға ыңғайлы жабдықтар бар.»