2013 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы ҚР Статистика агенттігінің берген мәліметі бойынша елімізде жұмыссыздар саны 470 мың адамға жуықтаған. Бұл көрсеткіш экономикалық белсенді халық санының 5,2 пайызын құраса, біздің облыстағы көрсеткіш — 5,5 пайыз. Ал қыркүйек айының соңындағы ақпаратқа сәйкес жұмыспен қамту мекемелерінде жұмыссыз ретінде тіркелгендердің саны 51,7 мың адамға жеткен. ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов соңғы дерек бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі белсенді халық санының 0,4 пайызын құрап отыр дейді. Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, 2013 жылдың қорытындысы бойынша жыл бойына 70 068 азамат жұмыс іздеп келген. Оның ішінде 63 850 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 6338-і әлі жұмыссыздар қатарында.
Иә, жұмыссыздық әлі күнге күн тәртібінен түспей келеді. Халықтың әлеуметтік жағдайына басты әсер етуші фактор – жұмыссыздықтың кесірі қаншама азаматтың қолын байлап қойды. Ал, ата-ананың тірнектеп жинаған қаржысының арқасында ЖОО-нын тәмамдаған көптеген жастарымыз көк қағазды сандықтың түбіне тастап, жұмыссыздықтың ащы дәмін татып жүр. Еңбек өтілі жоқ жас мамандарды айтпағанда, әр саланың кәсіби біліктілерінің өзі жұмыссыздықтың салдарынан қол қусырып, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендері де жасырын емес.
ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына былтыр 70 068 азамат жұмыс іздеп келген.
Оның:
– 63 850 -і тұрақты жұмысқа орналасса,
– 6338-і әлі күнге жұмыссыздар қатарында.
Әрине, ел Үкіметі жыл сайын бұл мәселемен күресудің түрлі жолдарын қарастыруда. Дегенмен, қоғамға етене енген өзекті мәселемен түбегейлі күресу мүмкін болмай тұр. Жұмыссыздықты жою мақсатында республикада жаңа өндіріс орындары мен зауыт-фабрикалар да көптеп ашылуда. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында былтыр бір Шымкент қаласының өзінде индустриалдық аймақта 58 жаңа жоба іске асып, 1400 жұмыс орындары ашылды. Алайда, бұл жаңалық та жұмыссыздықты ауыздықтай алмады. Өйткені, заманауи бағытта ашылған өндіріс орындарына мамандардың көбі шетелден шақыртылса, ал біраз жоба ілгері жылжуға қауқарсыздық танытып, жабылып та жатты.
Сондай-ақ, жұмыссыздықтың артуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі ретінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмеуін де атап өтуімізге болады. Өйткені, екінің бірі педагог, заңгер, экономист болса, қазіргі ақпаратық заманда бұл мамандықтардың қажеттілігі шамалы-ақ. Ал еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс туралы жастарда бірыңғай ақпараттық база жоқ. Олар сұранысқа ие мамандықтар жайлы мүлде хабарсыз. Дегенмен, бұл да негізгі себеп емес. Техника саласын меңгеретін мамандарға зәруміз дегеніміз де бекер-ау. Өйткені, дәл қазір Шымқаладағы жұмыссыздар шоғырланған еңбек биржасына бара қалсаңыз, техниканың қыр-сырын меңгерген сан түрлі мамандық иелерін таба аласыз. Осыдан кейін, бар кінәні жұмыс орындарының аздығына артпасқа амал жоқ.
Тағы бір ескеретін жәйт, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған көптеген мекемелердің өз қызметкерлеріне тиімді жағдайды жасаудағы дәрменсіздігі. Жұмыс табуын табарсың-ау, ал ондағы жалақы мәселесі тағы да қарныңды аштыратыны бар.
Елбасымыздың «Еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясының басты мақсаты – азаматтардың табысын арттыру» деп айтқан сөзі өте маңызды-ақ. Мемлекет басшысы биылғы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында да әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөліп, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін еңбекақыны арттыруды тапсырды. Демек, тұрақты жұмыс таба қалсаңыз, жалақыңыз да жаман болмас.
2014 жылға қарай жалпы сомасы 8,1 трлн теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланғаны белгілі. Яғни, тұрақты жұмыс орындары ашылып, қаншама азаматты жұмыспен қамту мүмкіндігі тумақ. Бұл әрине жағымды жаңалық. Алайда, мұндай мүмкіндікке ие болу үшін әрбір азамат жаңа кәсіпті меңгеруге дайын болуы қажет. Осыған байланысты да Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев маңызды шешім қабылдай білді. Демек, индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы — 2020» жобалары негізінде индустриялық секторда оларды тегін оқыту мәселесі де қарастырылмақ. Міне, керемет жағдай, жағымды жаңалық. Алайда, жұмыссыздықпен күресу және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту тұрғысында еліміздің мүмкіндіктері әлі де шектеулі. Мысалы, Еуропа елдерінде жұмыссыз азаматтарға ай сайын төленетін белгілі бір жәрдемақы мөлшері тағайындалған. Мұндай жәрдемақының мөлшері АҚШ-та жалақының 50%-ын құрайды, Жапонияда жұмыссыздардың жас ерекшілігі мен басқа да көрсеткішіне байланысты 3-12 айдағы жалақысының – 60-80%-ын, Францияда – 1-2,5 жылдағы жалақының 42%-ын құрап, косымша күніне 40 франк төленеді. Жұмыс істейтіндердің жалақысынан шегеріліп, сол жиналған сомалардан арнайы қорлар құрылады екен. Ал, сонау Кеңес дәуіріне оралсақ, ол уақытта жұмыссыз жүрген азаматтар тіпті жауапкершілікке тартылатын болған. Ол кезде жұмыссыздық мәселесін шешуде ерекше орынды енбек биржалары (тұрғындарды жұмыспен камту орталығы) алған. Дереккөздерге сүйенсек, ең соңғы еңбек биржасы 1930-шы жылы жабылып, жұмыссыздықтың көзі жойылғандығы айтылған екен. Алайда, бүгінгі қалыптасқан өмір шындығы қайтадан мұндай орталықтардың ашылуына жол берді.
Республиканың статистика жөніндегі агенттігінің көрсеткен мәліметтеріне сүйенсек, жұмыссыздық деңгейі кемімей отыр. Демографиялық саясатты басты назарға алған басшылық халық санын көбейтуді ойлағанымен, болашақта оларды тұрақты жұмыс көзімен қамтуға жіті көңіл аудармай келеді. Демек, әзірге жұмыссыздық дерті қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып қалатын түрі бар.
Гүлнұр Сәтбаева