Кәсіпкерлер Елбасы жолдауын талқылады

Елбасының жолдауын «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» ұжымы да талқылады. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбындағы тапсырмалар бойынша еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 2050 жылға дейін 50 пайызға, ал жалпы ішкі өнімнің көлеміндегі қаржыландыру саласы 30 пайызға артуы шарт.

КҚКО

Бұл ретте кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүктелетін міндет ұшан-теңіз дейді ондағы мамандар. Сондықтан осы міндетті дұрыстап атқару үшін 2014 жыл облыстағы әр ауданнан кәсіпкерлік мектебін салу жылы болады екен. Бұл — былтыр 20 мыңнан астам бизнесменге жол көрсетіп, демеген орталықтың жұмысы биыл одан да көп болады деген сөз. Сондай-ақ, жиында әкімшілік кедергілер бойынша жұмыстарды одан әрі пысықтау қажеттігі айтылды.

Бауыржан Омарбеков, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры: «Жасырын ештеңесі жоқ, қазіргі таңда көптеген әкімшілік кедергілер бар. Сондықтан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Елбасының осы жолдауы аясында кәсіпкерлердің осындай әкімшілік кедергілерін азайтуды одан әрі жалғастырады. Былтыр облыс бойынша 20 мыңнан астам бизнесменге көмек көрсетсек, биыл оның көлемін еселеуді жоспарлап отырмыз.»