Жұрт «Жылқы жылы келді, жыл жақсылыққа толы болғай» деген сынды тілектердің тізгінін ағытып жатқан тұста Түлкібас ауданында елді елеңдетіп, әрі-сәрі күйге түсірген қайғылы оқиға орын алды. Аудандағы ауылдардың бірінде өткен көкпарда 26 жастағы ер азамат оққа ұшты.
ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова 2-қаңтар күні кешкі сағат 20:30 шамасында Түлкібас аудандық полиция бөліміне ауруханадан хабарлама келіп түскенін мәлімдеді. Хабарламада жедел жәрдем көлігінің ішінде белгісіз азамат оқ тиюдің нәтижесінде алған дене жарақаттарынан қаза болғаны айтылған. Осыдан кейін тергеу жедел тобы қаза болған азаматтың тұлғасын анықтады. Ол 1987 жылы туған Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты. Сол күні көкпар ойындары өтіп, жәбірленушіні көрші ауылдың тұрғыны атқаны анықталған. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1993 жылы туған азамат ұсталып, қамауға алыныпты. Оны тұтқындауға бір тәуліктей уақыт кеткен. Бұрын сотталмаған азамат өз кінәсін толықтай мойындады. Айғақ зат ретінде одан «Макаров» тапаншасы мен «Сайга» мылтығы тәркіленген. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 96-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Баспасөз жетекшісінің сөзінше, соңғы екі жылда облыс көлемінде мұндай оқиға тіркелмеген.
Қай көкпарда болмасын, ұрыс-керістің болмай қалуы сирек. Кей жұрт көкпар көруге, кейбірі ондағы дау-дамайды қызықтауға барады екен. Төбелессіз, қамшы сілтеусіз бейбіт райда өткен көкпарды «қызықсыз болды» деп бағалайтындар да жоқ емес көрінеді.
Міне, көкпардағы намыстан тамағын кенеп айқайлаған жанның, салымның сыйына қолы жетпегенде мүддесінің орындалмай қалғаны үшін дау шығаратын пенденің, әділетсіздіктің көпе-көрнеу жасалып жатқанына төзбеген азаматтың араласуымен болатын түрлі келіспеушіліктердің соңы кісі өлімімен аяқталуы — көкпарға да, көкпар берушіге де, шабандозға да, әр шабандоздың ар жағында тұрған қауымға да абырой әпермейді.
Тақымы қатты шабандоз жігіттің кісі қолынан қаза табуынан кейін ауыл-ауылдарда өтетін жаппай көкпардағы тәртіпті қадағалау мәселелері бойынша ОҚО ат спорты федерациясы алқасының мүшелері бас қосты. Федерация президенті Нұрмахан Жолдастың басшылығымен шабандоздар, төрешілер, атбегілер мен ат спортының басы-қасында жүрген азаматтар алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу туралы өз ұсыныстарын айтты.
Көкпардан тоғыз дүркін КСРО чемпионы, Түлкібастан шыққан шабандоз Әбілхан Дауылбаевтың айтуынша, көкпарда ерегіс болған. Сосын атын атып тастаған. Кейіннен ат иесі «неге аттың?» деп барғанында оның өзін де атқан. Бұл оқиға Түлкібас жұртшылы-ғының қабырғасын қайыстырып кетті. Аудан әкімі екі рет жиналыс өткізіп, шабандоздармен кездесіп, шешім шығарды. Енді ауданда қандай да бір көкпар ұйымдасты-рылатын болса, өтетін орынды белгілеп, ауыл әкімдерінен арнайы рұқсат алатын боп белгіленді. Көз жұмған жігіт Түлкібас ауданы атынан көкпар құрамасының сапында өнер көрсетіп жүрген жігіт.
Қайғылы қаза топ көкпарда емес, жаппай көкпарда орын алған. Қазір облысымызда жаппай көкпар жиі болып жатыр. Даңқты шабандоздың айтуынша, қазіргі таңда көкпарда намыс үшін емес, ақша үшін шабады. Салымды да ақша үшін орындайды. Біреуі қолына іліп алған соң, қалғандары тартпайды. Жан-жаққа кетеді. Қазіргі көкпарда тартыс жоқ, — дейді. Мұның амалы ретінде, салым иесіне емес, тартысқа түсіп, серкеге таласқан шабандозға қосымша салым белгілеп жатқанын айтады. Тартыс көп болса, аттың да, жігіттің де мықтысын байқауға болады.
Төрешілік етіп жүрген Жамал Тұратбековтың сөзінше, тойбасшы тарапынан, яғни көкпар беріп отырған азаматтардың өзі де ығына тартпай, бейтарап бола білу керек. Сондай-ақ, қазір көкпарда серкенің ішіне тұз тығу арқылы салмағын ауырлату, байлау, ат айналдыру, жетекке алу сынды тәсілдер қолданылып жатады. Бұл да түрлі келіспеушіліктердің шығуына себеп.
Осы жерде «жаппай көкпар қажет пе?» деген сұрақ туындайды? Командалық көкпардағы тиянақтылықты жаппай көкпардан талап ету қиынға соғады. Бірақ, жаппай көкпарды ысырып тастауға әсте болмайды. Қазір облыс құрамасын жасақтауда жер-жерлерде өтетін ірілі-ұсақты жаппай көкпарда мықтылығымен көзге түскен шабандоздар алынады. Көкпар өткізу – қазақтың арман-қалауын, ырым-жоралғысын, бата-тілегінен хабардар етеді. Қуанышы мен шүкіршілігін көкпар арқылы жеткізеді. Ал, осыншалық мән-мағынаға ие көкпарда түрлі келеңсіз жағдаяттардың орын алуы — сырт көз үшін көкпардың беделін кемітпесе, арттырмасы анық. Қандай да бір бұқаралық жиында дау-дамайдың өршуі, агрессияның байқалуы – әрекеттің бар екендігін білдіреді.
Мұның барлығы да жаппай көкпардың өткізілу ерекшеліктерін ескеріп, түрлі ережелер енгізуді талап етіп отыр. Жаппай көкпардың командалық көкпардан басты айырмашылығы қатысушылардың саны әлдеқайда көп. Басқару мен бақылау жағы да мол қажыр-қайратты қажет етеді. Сондықтан да мұнда тек тойбасшы ғана емес, сол жергілікті әкімшілік пен құқық қорғау қызметкерлері де жұмылып, бірлесе әрекет қажет.
Жәнібек НҰРЫШ