Былтыр облысымызда 3 спорт нысаны, 5 мәдениет ғимараты және 63 денсаулық сақтау кешенінің құрылысы бітіп, пайдалануға берілген. Жалпы, 2013 жылы құрылыс саласына қазынадан 45 миллиард 669 миллион теңге бөлініп, оның 74 миллионнан астамы игерілмей қалыпты. Бұл жөнінде өңір құрылыс басқармасының басшысы Еркебұлан Дауылбаевтың облыс әкіміне берген есебінде мәлім болды.
Ал «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасы бойынша 402,7 мың шаршы метр үй қолданысқа тапсырылған. Сонымен қатар 86 білім беру нысаны салынып, қазір оның 43-інде шәкірттер тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Дегенмен осы оқу ошақтарын салуда көптеген мәселе бар. Мысалы, бүгінде типтік мектептердің құны 490 миллион теңгеден аспау қажет. Десе де, Қазығүрт, Мақтаарал, Сарыағаш,Ордабасы аудандарында болашақта бой түзейтін білім мекемелерінің бағасы бұл көрсеткіштен асып кеткен. Атап айтқанда, Сарыағаштағы бір мектептің жобалық сметадағы құны 566 миллион теңгені құрапты.
Рашид Қайпжанов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары: «Біз жобалаушы мекемелермен тағы да жұмыс жүргізіп жатырмыз қазіргі таңда. Бірақ, ең арзаны 522 миллион 836 мың теңге болды. Тағы да қысқарттық.»
Дегенмен, Рашид Үсіпханұлының бұл уәжі Асқар Мырзахметовты қанағаттандырмады. Өңір басшысы «өзгерістерді жыл соңына дейін жасаңдар деп ескерткенбіз. Мектептердің бағалары Астана бекіткен бағадан жоғары болмауы тиіс» дейді.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Сол кемшіліктерге байланысты хаттамада, жаңа айтқандағыдай, аудан әкімдерінің орынбасарлары немесе басқа да лауазымды мамандар қорытынды шығарамыз деп отыр ғой. Олар қорытынды шығаруға міндетті! Ал енді жылдың қорытындысы бойынша шешім қабылдайтынымызды біз айтқанбыз. Сол шешім қабылданатын болады. Тиісті хаттамада жаңағы айтылған сын-ескерпелер қамтылатын болады.»