«Тұрғын үйдің ауласына баласын тастап кетіпті», «көшеден 3 жасар бала табылды», «анасы сәбиінен бас тартты», «қоқыс жәшігінен шарананың өлі денесі шықты», «темір жолдың бойынан нәресте табылды». Осындай жаға ұстатар оқиғаларды жиі еститін болдық. Туған баласынан бас тартқан аналар көбейді. Аналардың мұндай қадамға баруына не себеп? Мамандар баласынан безетіндерді екі топқа бөліп отыр:
1) өз ісін әлеуметтік жағдайдың төмендігімен байланыстыратындар;
2) дүниеге некесіз бала әкелгені үшін ата-анасынан қорыққандар.
Өз баласын өлтіретіндер бар
Шымкентте болған, жаға ұстатар жағдай туралы бұған дейін де жазған едік. Өткен жылдың соңғы күндерінде 8 шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үй ауласындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен шарана табылған. Қыстың аязды күнінде қоқысқа тасталған сәби денесі әрине мұз боп қатып қалған. Анасының «жоспарынан тыс» өмірге келген шарананың тағыдыры осылайша тас боп қатты. Бейресми деректерге қарағанда, соңғы екі-үш жылда елімізде оннан астам шарана өз анасының қолынан ажал құшқан. Сәбиінен жерігендердің айтатын уәжі — «жоспарсыз» біткен жазықсыз сәбиді «адамның сөзінен», «ұяттан», «анасынан қорыққаннан» далаға тастайтынына саяды. Зерттеулер көрсеткендей, жаңа туған сәбиін далаға тастайтын аналардың көпшілігінің психикасында ауытқушылық бар екендігі байқалады.
Гүлнәр Тәукебаева, «Бөбектер үйінің» меңгерушісі:
– Біздің мекемеге облыс бойынша жетім қалған, ата-анасы бас тартып, тастанды атанған, мүмкіндігі шектеулі, бас бостандығынан айырылған жандардың, некеге тұрмаған жас аналардың балалары қабылданады. Сәбилердің жартысына жуығы облыстық балалар ауруханаларынан, перинаталдық орталықтардан келсе, жартысы өз үйлерінен келеді. Яғни ата-ана баласын асырай алмай немесе денсаулығында ақауы бар баланы қарай алмай өткізіп жатады.
Қазіргі таңда «Бөбектер үйінде» 79 бала тәрбиеленіп жатыр. Олар туылғанынан 4 жасқа дейін осында тәрбиеленіп, кейіннен денсаулық жағдайына байланысты балалар немесе мүгедектер үйіне ауыстырылады. Тұрмыстық жағдайына байланысты сәбиін уақытша қалдырып кеткен аналар болса, оларға міндетті түрде қайтарылады.
Қанша жерден барлық жағдайды жасасақ та, біз ана махаббатын, әке мейірімін бере алмаймыз. Сондықтан да әр баланың өз отбасында өскені абзал. Осы мақсатта біз 2002 жылдан бастап тастандылардың қатарын көбейтпеу үшін «Үміт» тобын аштық. Бұл топта әзірге баласын баға алмайтын, қарауға мүмкіндігі жоқ әйелдер баласынан мүлдем бас тартпайтын жағдайда әкеп өткізе алады. Көбіне олардың қатарын студенттер мен некеге тұрмаған жас аналар құрайды. Мұндай аналардың балалары «Үміт» тобында 3 жасқа дейін тәрбиеленеді. Осы уақыт аралығында біз жас аналармен жұмыс істеп, оларды өз сәбиінен бас тартпауға үгіттейміз. Олармен педагогтар, логопедтер, психологтар жұмыс жасайды. Қазіргі кезде осы топта 10 бала бар. Біз өз жұмысымыздың нәтижесін көріп те отырмыз. Аналар балаларын алып кетіп жатыр. Дегенмен, өкінішке қарай, барлығы емес.
Жалпы, кез келген жүкті әйелдің бойында көңіл күй өзгерісінің болуы – қалыпты жағдай. Кейбірі бала туғаннан кейін жан күйзелісін бастан кешуі мүмкін. Алайда, сәбиін далаға тастағандардың қылығын бұл уәж ақтай алмаса керек.
Жаңа туған сәби далаға қалдыру қылмысқа жатады. Дегенмен, баланың өміріне ешқандай қауіп төнбесе, Қылмыстық кодексте «көкек аналарды» жауапқа тарту көзделмеген. Ал, егер әйел босану барысында шаранасын қасақана өлтірсе (сот-сараптамалық зерттеу нәтижесі оның психикасын бұзылған деген қорытынды шығарса да) ол ҚР Қылмыстық кодексінің 97-бабы бойынша – 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Бимен Қансейіт, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы:
– Біздің орталыққа қараусыз, тастанды, ата-анасының қамқорлағынсыз қалған 3 жас пен 18 жас аралығындағы балалар орналастырылады. Олар мұнда 3 айға дейін тұрады. Осы уақыт аралығында баланың ата-анасы, туысқандары табылып, әкетуге ниет білдіріп жатады. Өкінішке орай, баланың әке-шешесі табылып, бірақ олар одан бас тартатын жәйттер де кездеседі. Мұндайда бала денсаулық жағдайына байланысты балалар немесе мүгедектер үйіне ауыстырылады. Ал құжаттары дұрыс болмаған балалар бізде тағы бірнеше айға қалады. Қазіргі қоғамда тұрмысы төмен, баланы асырауға қауқары жетпейтін отбасылар да бар. Олар қалалық не аудандық білім бөліміне баладан уақытша (3 айға) бас тартатындығы жөнінде өтініш жазады. Өтініштері қанағаттандырылған ата-ананың баласы біздің орталықты уақытша пана етеді. Біздің орталықта жүрген балаға көзі түскен кез-келген ата-ана білім бөлімінің рұқсатымен баланы асырап ала алады.
Көріп отырғаны-мыздай, жаңа туған баласын өлтірген әйел бар болғаны төрт жылға бас бостандығынан айырылады екен. Ал салыстырмалы түрде осы кодекстің 175-інші «Ұрлық» бабын қарасақ, онда ұрлықтың қалай жасалуына байланысты, күдіктінің айыппұл төлеуден бастап, үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені көрсетілген. Осыған қарап отырып, нәрестенің мүлік құрлы құны жоқ па деген ой түйесің.
Бақытсыздыққа бала кінәлі емес
Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, үнемі жолыңды байлайтын жоқшылық, жұмыссыздық, ерінің араққа тәуелділігі, қиналған шақта жаныңа демеу болатын жанның табылмағаны аналарды тығырыққа тірейтіні рас. Аяғын шалыс басып, тұрмысқа шықпай бала сүйіп қалған қыздарды былай қойғанда, күйеуі бар әйелдердің арасында да балаларын қалай бағарын білмей, далаға қалдырып кетіп жатқандары да кездеседі. Осыдан екі жыл бұрын белгісіз біреулер Шымкент қаласындағы балалар үйінің ауласына 4 бірдей қыз баланы қолдарына тілдей хат ұстатып тастап кеткен. Онда тастандылардың апалы-сіңілі екені жазылған. Қыздардың үлкені Ақерке-6, Ұлбосын – 4, Гүлзима – 3, Арайлым – 2 жаста. Ересектеуі өздерінің осындай күйге түсуіне ата-аналарының ішімдікке салынғандығымен деп түсіндіріпті.
Кубра Жәлелқызы, 9 баланың анасы:
– 29 жасымда 9 баланың анасы атанып отырмын. Әрине қазіргі қоғамда өмір сүру қиындау. Десе де, жас отбасылар балалы болудан қорықпауы керек. Ал менің бар бақытым да, байлығым да балаларым. Мен үшін сәбилерімнің сыңғырлаған күлкісінен артық ешнәрсе жоқ. Әрине, қатты қиналдық. Қиындығымызды көргенде кейбіреулер осынша бала туып нең бар? дегенді айтады. Айтса айта берсін. Мен балаларыммен бақыттымын.
Бұл аз десеңіз жуырда Шымкентте тағы бір жаға ұстатар жағдай орын алды. Жамал есімді келіншек қос бірдей баласын көршісіне тастап, қайта оралмаған. Абырой болғанда арада 2 ай өткенде, безбүйрек ана істеген ісіне өкініп, бейімдеу орталығынан балаларын алып кеткен. Мамандарға жалғызбасты әйел бұл қадамын күнкөрістің қамы үшін деп түсіндіріпті. Қазіргі қоғамда тіпті туған немерелерін «танымаймын» деп балалар үйіне өткізіп жатқан әжелер де бар. Мәселен, 2014 жылдың 1-қаңтар күні «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғыны П. Деген азаматша полицияға хабарласып, «есігімнің алдына 3 бүлдіршінді тастап кетіпті»,- деген. Арада 4-5 күн өткен соң бүлдіршіндердің анасы табылды. Ол 22 жасар Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, бауыр еті балаларын көшеге тастамаған. Өзі құрылыста жұмыс істеп, нәпақа тауып жүргендіктен, үш сәбиді 1 аптаға енесіне, яғни балаларының әжесіне қалдырыпты. Өкініштісі сол келіншек күйеуімен бүгінге дейін заңды некеге тұрмаған, 3 перзентінің туу туралы куәлігі жоқ. Сондықтан балаларын өзіне қайтарып ала алмай жүр. Әзірге 4 жасар Керемет облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын паналауда. Ал, Мирас пен Кәусар қалалық балалар ауруханасында жатыр. Арада бір апта өтпей жатып, Шымкентте тағы екі бала тастанды атанды. 7 қаңтар күні №1 қалалық балалар ауруханасына тағы да екі бүлдіршін қыз жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша үлкені екіден асқан, ал кішкентайы шамамен 1 жасар. Екі бүлдіршін қызды полиция қызметкерлері қаладағы Шоқан Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінен алып келген. Осында тұратын азаматша қардың үстінде жұқа киіммен түн ортасында дірдектеп тұрған әйелді аяп, бүлдіршіндерімен үйіне кіргізген. Алайда, таңертеңгісін тұрса бейтаныс әйел балаларын тастап кетіп қалыпты.
Осылайша, балалар үйін паналайтын жетімдердің қатары күн санап артып келеді. Елімізде 154 балалар үйі бар. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел бола тұра бұл жағынан ұяттымыз. Байлығын қорасындағы малымен емес, бауырындағы баласымен өлшеген қазақтың мұндай күйге түсуіне не себеп?
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ