Оңтүстікте бәрі бар! Қыдырып келсең болғаны…

Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығы

Әлемде экономикасын туризмнен түскен пайдамен түзеп, бюджетін толтырып отырған ел аз емес. Еуропа елдерін, Қара теңіз жағалауларын айтпағанда, Түркия, Тайланд, БАӘ, Египеттің тек туризмнің арқасында гүлденіп отырғаны анық. Тамыры тереңге бойлаған тарихы мен тұмса табиғатын табыс көзіне айналдырып отырған мемлекеттердің қатарына енуге Қазақстан да талпынып келеді. Әйтсе де, Қазақстанның туризмнен тапқаны ел қазынасын майлап, нанын жегізер түрі байқалмайды.

Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығы
Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығы

Жер көлемі жағынан республиканың 4,3 % аумағын алып жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының да осы туризм атты тәтті күлшенің шетінен тістеп қалудан азды-көпті үміті бар. 2,5 млн-нан астам тұрғыны, 4 қаласы мен 11 ауданы бар Оңтүстіктің жер жағдайы әр алуан. Тау мен жазыққа, өзен-көлге ие облыстың климаты шұғыл континентальды. Тарихи ескерткіштерге де бай. Дегенмен, оңтүстіктің әлем туристерінің құлағына жетіп, брендке айналған нысандары жоқ болғандықтан, бізде кешенді туризм нысандарын аралату ісі жолға қойылған. Біздің облыста туризмнің экстремальді, экологиялық, спорт, тарихи-танымдық және зиярат ету сынды түрлерін дамытуға болады. 

2014 жыл – ТМД-да «Туризм жылы» болып белгіленді.

Спорт туризмі демекші, Өгем тау жотасындағы Сайрам шыңы альпинизмнің қажетіне жарап-ақ тұр. Биіктігі 4238 метрлік шыңға қазірдің өзінде Еуропа, Ресей елдерінен альпинистер келіп жатады. Кеңес одағының тұсында мұнда альпинистік нормативтер орындалған. 

Сарыағаш ауданындағы санаторийлер
Сарыағаш ауданындағы санаторийлер

Оңтүстіктің туристік нысандарын зерттеп жүрген Кеңес Исмайловтың айтуынша, бұл шыңда 2Б-дан бастап 6А санатына дейінгі альпинистік бағыттар бар. Альпинизмге арналған тау жолдарының күрделілігі 6Б санатымен шектелетінін ескерсек, Сайрам шыңын спорт туризмінің нысанына айналдыруға жарайды.

ОҚО-да 802 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Оның 530- археологиялық, 44-і тарихи, 228-і сәулет ескерткіші. 

Облыс аумағында жүргізілген сараптаулар нәтижесінде, шетелдік және өз еліміздегі туристер үшін арнайы туризм орталықтары бөлінген. 

"Алатау" шаңғылар базасы
«Алатау» шаңғылар базасы

Тарихи-танымдық туризмнің бас-ты нысаны ретінде Ұлы Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласы алынады. «DiscoveryCentralAsia» журналы жүргізген сауалнама нәтижесінде шетелдік туристер үшін Қазақстандағы ең танымал нысан – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болып шыққан. 

Қазақстанға келетін түркия азаматтарының 80 пайызы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барады.

Мұны шетелдік туроператорлар да растайды. Түркияның Бодрум қаласындағы «Quelle travel» компаниясының бас директоры Нариман Элдар өз сөзінде, «Қазақстанға келетін түрік азаматтарының 80 пайызы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барады. Олар үшін бұл кіші қажылық деп есептеледі. Және түріктердің дені Қазақстандағы киелі орындарды көруге құмар», – дейді. Сонымен қатар, Отырар ауданындағы «Арыстанбаб» кесенесі, Отырар қаласының орны да туристерді тартады. 

Домалақ ана кесене
Домалақ ана кесене

Туризм мамандары Оңтүстік Қазақстанның киелі жерлерін аралап шығуды мақсат еткен жан үшін өз сапарын Сайрам ауданындағы «Ибрагим-Ата» мен «Қарашаш-Ана» кесенелерінен бас-тауды кеңес етеді. Зиярат етушілер мен туризмнің осы түрін дұрыс көретін туристер үшін Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана, Қос Ана кесенелері мен Созақ ауданындағы «Баба Түкті Шашты Әзиз», «Жыныс ата», «Ақбикеш», «Саңғыл би» мен «Бибі Мариям» тарихи-археологиялық нысандарына бару ұсынылады. 

Оңтүстікте демалыс орындары да көп. Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығы орналасқан. Табиғаты әсем қорықта өсімдіктердің 1400-ден астам түрі мен аң-құстардың 550-ге тарта түрі тіркелген. 

 

Раушан Шәмілқызы
Раушан Шәмілқызы

Раушан Шәмілқызы, Алматы қаласындағы «Тұмар-Транс» туркомпаниясының директоры: 

– Біз әдейіліп әр жұма сайын Алматыдан Түркістанға автобус жібереміз. Адамдарды жібергеннен кейін олар бірінші Таразға, Айшабибінің басына келеді. Одан кейін Арыстанбаб арқылы осы Түркістанға келіп кетеді. Бұл аздау болып тұр. Өйткені бір Түркістанды көріп қайту Оңтүстік Қазақстан үшін ол аз. Сондықтан, тағы екі-үш күн жүріп, басқа жерлерді де көруге жағдай жасалғанын қалаймыз, – дейді.

Төлеби ауданында да туризмнің мәніне айналған табиғат нысандары бар. Ауданда «Eco Village Kaskasu» кешенінің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қасқасу шатқалында орналасқан кешенде әзірдің өзінде келушілерге саяжайлар беріледі. Осы уақытқа дейін құрылыс жұмыстарына 1,1 млн АҚШ доллары жұмсалған. Тау бөктеріндегі шаңғы базасы да қыс қызығын қыздыруда.

«Қызылкөл»
«Қызылкөл»

Оңтүстікте емдеу-сауықтыру орындары да жеткілікті. Солардың бірі – Созақ ауданындағы «Қызылкөл». Бұл көлдің су құрамы Өлі теңіздің су құрамымен ұқсас келеді. Түрлі тері, созылмалы суық тию, омыртқа жотасы аурулары, созылмалы жүйке және гинекологиялық дерттерді емдеуге пайдаланылады. Сарыағаш ауданындағы санаторийлер де емдеу туризмінің нысаны. Мұнда сонымен қатар элиталық сауықтыру орталықтары мен гольф-клубтар бар.

Тынығу, шомылу мен балық аулау үшін Шардара және Бөген су қоймаларының туристерді тартуда әлеуеті зор. 

«Eco Village Kaskasu» кешені
«Eco Village Kaskasu» кешені

Созақ ауданындағы «Қызылкөл» суының құрамы Өлі теңізбен ұқсас. Түрлі тері, созылмалы суық тию, омыртқа жотасы аурулары, созылмалы жүйке және гинекологиялық дерттерді емдеуге пайдалы. 

Оңтүстік Қазақстан облысы туризм басқармасының мәліметінше, 2013 жылы бюджеттен туризм саласын дамытуға 102 млн теңге қаржы бөлінген. Жыл басынан бері Оңтүстікке 52 632 турист келген екен. Келушілерге көрсетілген қызмет көлемі 44 253,2 мың теңгені құрапты. 

«Арыстанбаб» кесене
«Арыстанбаб» кесене

Облыстық туризм басқармасы күзде өзге облыстар мен шет мемлекеттердің белді-белді туроператорларын осында шақырып, ақпараттық тур ұйымдастырған болатын. Оңтүстіктің турист тартуға боларлықтай орындарын үш күнге аралаған туроператор өкілдерімен өзара әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Қонақтардың айтуынша, сырттағы жұрт Оңтүстікте Ахмет Яссауи кесенесінің бар екенін біледі. Одан өзге туристік нысандарды біле бермейді. 

2013 жылы облыс бюджетінен туризмді дамытуға 102 млн тг қаржы бөлінген. Оңтүстікке былтыр 52 632 турист келген.

Ақпараттандырудың ақсаңдап тұрғаны байқалады. Бұдан бөлек келушілерді орналастыратын жергілікті қонақүй орындары мен байланыстың жоқ екенін алға тартады. Белгіленген бағыт бойынша қамтылған нысандар санының жұтаңдығы да Оңтүстіктің кереметін кеңінен тамашалауға мүмкіндік бермей отыр. Бұл туризм менеджментінің біздің өнірде де кенже қалып отырғанын көрсететін сияқты.

Жәнібек НҰРЫШ