Оңтүстіктің аудандары салық жинауды артығымен орындаған

Салық2013 жылы Арыс қаласының салықшылары салық түсімдерінен қазынаны артығымен толтырыпты. Үш мыңнан астам салық төлеушісі бар қала өткен жылы бюджетке 1 миллиард 743 миллион теңге түсіріп, жоспарды 62 миллион теңгеге артық орындаған. Жалпы, салық түсімдерінің барлық түрі бойынша оңды жұмыс істеген басқарма берешек істерінде ғана кемшіліктің бар екенін жасырмайды.

Сайрам ауданында да салық түсімі артығымен орындалған. Мүлік, жер, табыс салығының барлығында да өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп түсім түсіпті. Қазіргі таңда, аудан салықшылары өңірдегі тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ретте базардағы саудагерлердің де патент алу мәселесі күн тәртібінен түспеген.

Шардара, Арыс, Сайрам аудандары бойынша өткен жылды қорытқан мамандар жылан жылындағы кірістің қоңды болғанын айтады. Сондықтан үкімет 2014 жылы оларға одан да көп түсім түсіртуді жоспарлап отыр. Мәселен, былтыр арыстықтардың қазынаға 1 миллиард 600 миллион теңгедей қаражат жинауы керек болса, биыл оның көлемі 300 миллион теңгеге өскен. Бұл межені салықшылар тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс істеу арқылы өндіреміз деп отыр.