Шымкентте 16 жасар жасөспірімнің өліміне қатысты күдіктілер ұсталды. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша 6 адам сезіктілер қатарында болса, соның екеуі тергеу абақтысына қамалған. Естеріңізге сала кетейік, кеше күндізгі сағат төрттер шамасында Ахмет Байтұрсынов көшесінің бойындағы «Шымкент» бизнес орталығының маңында атылған оқтан екі жігіт жараланған еді. Солардың бірі — Қытайда білім алып жүрген 16 жасар жерлесіміз алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.
Бытыраған оқ жеткіншектің жанды жерлерін жарақаттап, ол ауыр халде ауруханаға жеткізілген болатын. Алайда ақ халаттылар оның жанына араша бола алмады.
Сәбит Байбосынов, қабылдау бөлімінің меңгерушісі: «Оқ-дәрі кеудесін, жүрегін тесіп өткен. Операция кезінде, яғни, жүрек пен өкпенің жарақатын тігу кезінде науқастың жүрегі тоқтап, қайтыс болды.»
Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін бар амалды жасағандарын айтады. Атылған оқтан жараланған жігіт жалғыз емес еді. Онымен ауруханаға тағы бір адам жеткізілген болатын. Айтуынша, ол оқ атылған кезде сол маңнан кездейсоқ өтіп бара жатыр екен.
Осылайша марқұмның туыстары айдың-күнің аманында қара жамылып қалды. Қазір олар қатты ашынып отыр. Ал тәртіп сақшыларының шұғыл іздестіруі барысында оқ атқандар анықтады. Олардың бірі — Шымкенттегі колледждердің бірінің ІІІ курс студенті және зардап шеккен екінші жігіттің танысы болып шықты. Сақшылар бірнеше сағаттың ішінде қылмыс жасалған көлікті «Спортшылар» шағынауданындағы ауланың бірінен тапты. Артынша қару асынғандарды құрықтап үлгерді.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Шаңқай түсте оқтың не үшін атылғаны соның барысында белгілі болмақ. Тәртіп сақшыларының тағы бір жорамалы бойынша көз жұмған жеткіншек қаңғыған оқтың құрбаны болуы да мүмкін.