Өткен жылы Асқар Исабекұлы қаржы басқармасына 71 тапсырма берген. Соның 58-і белгіленген мерзімде орындалыпты. Қалған 13 тапсырма тұрақты бақылауда деді басқарма басшысы облыс әкімдігінде өткен есебінде. Жылан жылы облыс бюджетіне келіп түскен қаржы көлемі 212,3 миллиард теңгені құраған. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 18 миллиард теңгеге көп. Ал жергілікті бюджеттерге түсетін салықтар мен басқа түсімдердің нақты жоспары 103,7 пайызға орындалыпты. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, алдыңғы жылғыдан 8 миллиард теңгеге артық қаржы қазынаға түскен немесе 12,4 пайызға өсіп отыр.
Роза Исаева, облыстық қаржы басқармасының басшысы: «Бюджеттің шығыстар бөлігі 99,8 пайызға орындалды. 899,4 миллион теңге қаржы игерілмеді. Оның ішінде әкімдіктердің резервте тұрған қаржымен Шымкент қаласы қаржыны 94 пайызға игерсе, аудандар 99 пайызға игерген. Бұл — республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.»
Алайда, қазынадағы қомақты қаржыны игеру оңай болмады дейді облысымыздың бас қаржыгері. Әсіресе ,құрылыс саласында. Мәселен, өңіріміздегі екі амбулаторияның құрылысына республикалық бюджеттен бөлінген 135 миллион теңге жобалық сметаның дайын болмауынан өзге нысанға аударылған.
Роза Исаева, облыстық қаржы басқармасының басшысы: «Өткен жылы жобалық-сметалар толық болмаса да облыстық бюджет есебінен тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу үшін алғашқыда 10 миллиард теңге жоспарланды. Нәтежиесінде жыл ішінде жыл ішінде Шымкент қаласы әкімдігінің өтінімдері негізінде осы қаржының 6,7 миллиард теңгесі немесе 70 пайызы еркісіз қысқартылды.»
Ал Кентау қаласының әкімдігі игерілмей қалған қаржыны мақсатсыз, рұқсатсыз «Кентау сервис» мекемесіне аударған. Сондай-ақ, ондағылар Шымкенттен Астананы жақын тұтып, тікелей министрліктен қол жайып, қаржы сұраған көрінеді.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Кентау қаласының әкімдігі облыспен келіспей, осындағы қаржы, экономика, салалық басқармамен келіспей, өз беттерінше министрлікке шығып, өтінім берген. Сосын бізге жылдың соңында қаржы беретін болып қалды. Игере алатындарына қарамастан. Облыс оны білмейді. Оларға министрлік қаржы беріп жатқанын облыс соңынан білді.»
Облыс әкімі бұдан былай аудандарға өзім білермендікке салынып, Астанаға алақан жаюға түбегейлі тыйым салды. Сондай-ақ, еліміздегі облыстар арасында республикалық бюджеттен ең мол қаражат біздің өңірге бөлінген еді. Осы ақшаның 99,8 пайызы игерілді. «Бұл — жақсы көрсеткіш» дейді өңір басшысы.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=6eLEhI5veic[/youtube]