Сегіз аймақтың кәсіпкерлері ортақ проблемаларын талқылады

Онлайн-конференцияКоммуналдық тарифтердің қымбаттауы елдегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі болып тұр. Сондай-ақ, құжат дайындаудағы қағазбастылық та істің ілгері басуына бірден-бір тұсау. Мұндай ақпарды бүгін еліміздің түрлі аймағынан жиналған кәсіпкерлер ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаевамен өткен онлайн-конференция барысында айтты. 8 аймақпен болған онлайн-жиында бизнестің дамуына кедергі келтіріп жатқан өзге жағдайлар сөз болды.

Әділхан Исабаев, облыстық мәлихаттың депутаты: «Бүгінгі таңда бос электр желісіне қосылу туралы нақты ақпараттың болмауынан техникалық шарттарды алу бірқатар қиындықтар мен кедергілерді туғызуда. Монополистер электр желісіне қосылу үшін өз шарттарын бекітіп қойған. Бұл мәселені шешу үшін біз облыстың барлық бос электр жүйелерінің, трансформаторлардың дерекқорын құрып, ол базаны реттейтін органды анықтап алуымыз керек.»

 

Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Төретайқызы Құрбанбаеваның баяндамасы өңірлер тұрғысындағы бизнестің өзекті мәселелеріне қатысты тақырыпта болды.

Гүлнар Құрбанбаеваның пікірінше, өңір кәсіпкерлерінің мәселелері, ең алдымен, бизнесті жүргізуде қажетті білім мен қабілеттің болмауынан, бизнеске қажетті мамандар дайындығы мен қайта дайындауға қатысты туындайды. Бүгінгі маман мәселесі – бизнесті дамыту мен қолдаудағы мемлекеттік саясат аясындағы басты мәселе болып табылады. Шағын және орта бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігі өзекті мәселелер қатарында. Кепілзатқа қойылатын орынсыз талаптар, банктік несиелердің пайыздық жоғары мөлшерлемелері бизнес-ахуалды жақсартуға кедергі болуда.

Сондай-ақ, ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары бизнесті дамытуға тосқауыл болып отырған бірқатар мәселелер қатарында монополист-кәсіпорындармен өзара қалыптасқан қарым-қатынасты да атап өтті. Яғни, тарифтердің жыл сайын негізсіз еселеп өсуі кәсіпорындар экономикасына кері әсерін тигізуде. Гүлнар Төретайқызының айтуынша, өңір кәсіпкерлері мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестікте бюрократиялық кедергілерге, сыбайлас жемқорлық әрекеттерге де жиі кезігеді.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алулар барысында туындап отырған мәселелер де баршылық, жекелеген мемлекеттік органдар немесе шенеуніктер біліктілік талаптары арқылы көп жағдайда нақты бір фирмалардың мүддесіне қарай шешуге тырысады» деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ салық салу, кедендік және техникалық реттеуде де мәселелі тұстар баршылық.

Осыған байланысты Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің күрделі мәселелерінің бірыңғай мәліметтер базасы қалыптастырылған, бизнес мәселелері және олардың шешу жолдары картасының тізілімін жасамақ. Бұл ретте ақпараттарды реттеу және жүйелеу ұсынылуда.

Бизнестің күрделі мәселелерін шешу мақсатында Палата жанында Парламент депутаттары мен қадағалаушы органдар қатысуымен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылған. Қазіргі уақытта Кеңес филиалдары Қазақстанның барлық өңірлерінде ашылған.

Сондай-ақ ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева заң алдыңда теңдік принципін сақтау үшін мемлекеттік шенеуніктерге өз әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін жауапкершілік белгілеу қажет екендігін айта өтті.

Отырыс барысында интерактивті диалог форматында іс-шараға атсалысқан өңірлер өкілдері кәсіпкерлікті жүргізу барысында бизнес алдында кезігіп отырған бірқатар мәселелерді отырыс талқысына салды. Айтар болсақ, Павлодар, Орал, Өскемен, Ақтөбе және Қарағанды кәсіпкерлері құрылыс жүргізуге рұқсат алу және оларды келісімдеуге қатысты бірқатар мәселелерді, сондай-ақ, пандустардың құрылыс стандарттарына сәйкестігіне қажетті бақылаудың болмай отырғанын атады.

POS-терминал орнату мен еңбек шарттарын жасауда да қиындық көп. Бұған тағы, кәсіпкерлікті ашудағы қағазбастылықты қосыңыз. Бұл дегені, билік пен монополист арасында байланыс нашар. Сондықтан да елімізде ісін жаңадан бастаған әрбір екінші бизнесмен кәсібін қайта жауып жатыр дейді сарапшылар. POS-терминалдар бойынша әсіресе, Павлодарлық кәсіпкерлерде түйткіл көп болып шықты.

Дмитрий Долтес, «Вайя-КА» ЖШС директорының орынбасары: «Банктер POS-терминалдарды тек айналымның минималды көлемі бойынша немесе ай сайынғы транзакциялар санына қарай ақысыз негізде ұсынуда. Қойылған талаптарға сәйкес келмеген жағдайда банк үш ай аралығында кәсіпкерден POS-терминалдарды қайта алып, қызмет көрсетушілер тізімінен шығарады. Соңғы уақытта банктердің басым бөлігі POS-терминалдар ұсынуды тоқтатып, терминалдарды коммерциялық құрылымдардан сатып алуды ұсынып отыр.»

Қарағанды, Ақтөбе, Өскемен, Павлодар мен Петропавл. Оңтүстік Қазақстан, Орал және Астана. 8 аймақ кәсіпкерлерінің айтқан мәселесі көп болды. Басқосуда кәсіпкерлікпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандардың да мұң-мұқтажы мен еңбек шарттарындағы түйткілдері талқыланды. Бар мәселеге қаныққан Дариға Назарбаева түскен ұсыныстарды Үкіметтің кезекті отырысында қарауға уәде етті.