Елбасы биылғы жолдауында Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары әрі ірі қалалары ретінде Астана мен Алматы, одан соң Шымкент пен Ақтөбе болады деп атап өтті. Бұл жаңалықты, әсіресе, жерлестеріміз жылы қабылдады. Соның бір дәлелі ретінде биылғы қаңтардың 20-сынан бастап Шымкенттің аумағы биыл 117 гектарға ұлғайып, халық саны жеті жүз мыңнан асты. Бұған дейін төрт ауданға қарасты ондаған елді мекендер шаһар аумағына өтіп, қала жаңаша кейіпке енбекші.
Шымкент — ғылым мен білімнің, инвестиция тартудың орталығына айналуы тиіс. Сондай-ақ, халыққа сапалы білім, медициналық және әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсететін ірі әрі үлгілі шаһар болуы керек. Бұл тізімнің көшін Астана мен Алматы бастап, Ақтөбе қоштайды. Елбасы үкіметке ағымдағы жылдың соңына дейін қалалардың агломерациясын қалыптастыру стратегиясын әзірлеуді тапсырды.
Болат Жәмішев, ҚР өңірлік даму министрі: «Қалалардың агломерациясын қалыптастыру үшін арнайы жоспар құрып, бірыңғайландыру қажет. Экономикалық мүмкіндіктерді де ескереміз. Яғни, ірі қалаларды дамыту ісі қазірден қолға алынуда. Сондықтан бұл тапсырма жыл соңына дейін орындалады.»
Ал Оңтүстік өңірі үшін биылғы жылдың басты жаңалығы — облыстың төрт ауданынан 40 ауыл Шымкенттің қарамағына өтіп отыр. Ал қарқынды жүргізілуі тиіс урбанизациялау өз кезегінде қала мен қалаға айналмақ ауылдардың арасындағы алшақтықты жоюды талап етеді. Қалаға қосылған ауыл тұрғындары үшін бұл шешім күтпеген жаңалық болып отыр. Белгілісі, көптен бері ел аузында айтылып, жұртшылықтың ойын сан-саққа жүгірткен істің нүктесі қойылды. Қазір қала басшылары Шымкенттің болашағы зор болады деп сендіріп отыр.
Баһадүр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары: «Бүгінгі таңда қала аумағына қосылған ауылдардың жағдайымен танысу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар саралануда.»
Осылайша шаһардың бұрынғы 40 мың гектарлық аумағы 117 мың гектарға кеңейтілді. Бүгінде елімізде әрбір бесінші бала дүниеге келетін Оңтүстікте білім саласына да көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, бала саны күннен күнге өсіп отырған Шымкентте мектептердің саны 128-ге, ал балабақшалар 251-ге жетіп отыр. Жыл сайын білім ұяларына қыруар қаражат бөлініп, білім сапасын жоғарылату үшін жан-жақты жағдайлар жасалып келеді.
Ең үздік мектептердің бірі саналатын №65 мектеп гимназиясында қазір оқушыларға үш тілде білім беріліп, замануи әдіспен дәрістер өткізіледі екен. Мектеп директоры Қатира Кәдірбаеваның айтуынша, болашақ ұрпақтың үш тілді меңгеруі — ертеңіміздің заман көшіне ілескені екен.
Қала экономикасының жетекші салаларының бірі шағын және орта бизнес болса , қазір бұл сала бойынша жұрттың белсенділігі байқалады. Қазірдің өзінде шаһарда 60 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, қалалық бюджет кірісінің 27 пайызы немесе 9 миллиард теңге осы саладағы салықтан түседі. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер үшін қызмет көрсету орталықтары ашылып, кәсіпкерлік палатасы ақпараттық қолдау көрсетіп келеді.
Қала басшыларының айтуынша, Шымкентте келесі жылға қарай халық саны бір миллион адамға жетеді. Осы тұста халық санының артуы мен қатар мәселе де көбейетіні белгілі. Сондықтан жоспарға сәйкес инфрақұрылымды реттеу бірінші ретке қойылып, ірі мегаполисті қалаға айналу үшін әрекет жасалуда.