Түркістанға газ берілді ме, берілмеді ме?

332
Көгілдір отын емес, шелек көмір үйге жылу сыйлауда

Түркістандықтардың қуанышы тәулікке де созылмады. Көне қаланың табиғи газбен толық қамтылуына әлі екі-үш жыл уақыт керек екен. Қазір мұндағы үйлердің бірде-бірінде газ жоқ. Елбасыдан телекөпір арқылы рұқсат алып, құбырды лаулатқан сәт көзден ұшты. Бұл не? Тағы да «шымкенттік вариант» па, әлде, жауапты мамандар тұрғындарға жағдайды дұрыс түсіндірмеген бе?  Халық арасында өршіп кеткен қауесеттің рас-өтірігін анықтап, анық көзімізді жеткізуі үшін киелі шаһарға арнайы бардық.

Мадина Дауылбаева
Мадина Даугелдиева

Қалаға кірісімен көгілдір отынның берілу салтанатты өткен шағынауданға бет алдық. Түркістан қаласы, Бейімбет Майлин көшесіндегі үйдің мұржасынан бұрқыраған түтінді көзіміз шалып, табиғи газдың жоқ екенін түсіндік. Бірінші болып, осы көшенің тұрғыны Мадина Даугелдиеваға жолықтық.

Ол қолына шелек алып, көмір тасуға қайта кіріскен. Үйін көгілдір отынмен жылытып, табиғи газдың рахатын көремін деген түркістандық тұрғынның қуанышы ұзаққа созылмапты. Қосылуынан өшірілуі жылдам болған табиғи газдың қызығы тез басылды деп қынжылады. Сондықтан қайтадан бұрынғы тіршілігіне көшкен.

«Сол күні таңертең газ берілді. Кешке дейін жанып тұрды. Тамақ пісірдік, өз көзімізбен көрдік. Қуандық. Үйіміз де жылыды. Бірақ қазір газсыз отырмыз» деп еріксіз күлді.

Кейіпкеріміздің «сол күні» деп отырғаны телекөпір арқылы табиғи газды Елбасының өзінің қалаға қосуға рұқсат берген күні еді. Өткен жылдың соңғы күндерінде, таяуда ғана қосылған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы 200 мыңнан астам халқы, 40 мың тұрғын үйі бар Түркістан қаласы экологиялық отынға қол жеткізді деп баршамыз сүйінші сұраған едік.

Қала бойынша бірінші болып көгілдір отынға қол жеткізген бес отбасы да қазір баспанасын бұрынғысынша көмірмен жылытуға көшіпті. Оларға жауапты мамандар «газбен қамту бойынша бірде-бір үймен келісім-шарт жасалмаған. Қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Сондықтан да көгілдір отын берілуі тоқтатылды» деп түсіндіріпті. Осы арада жергілікті байырғы тұрғын өкпесін жасырып қалмады.

Владимир Шевченко: «Ашылу салтанатында берілген газ бір күн жанды. Сосын өшіріп тастады. Айтуларынша, жауапты маман жоқ екен. Енді қашан қосатынын білмейміз. Үйреніп қалған газ баллонымызды сатып алып, күн көре береміз, қайтеміз.»

Қазақшаға судай Владимир атайдың бұл сөзін өзгеде көршілері қоштай кетті.

Түркістандықтардың күні көмірге қайта қарады
Түркістандықтардың күні көмірге қайта қарады
Көгілдір отын емес, шелек көмір үйге жылу сыйлауда
Көгілдір отын емес, шелек көмір үйге жылу сыйлауда

Анық болғандай, расында да Түркістанға газ таратушы мекеменің жергілікті учаскесі әлі құрылмаған. «Ол енді жасақталып жатыр» дейді қала әкімі. Айтуынша, көне қалаға газдың құбыры тартылып, табиғи отынның көзі ашылыпты. Енді қаланы толықтай көгілдір отынмен қамту үшін қыруар қаржы және екі жылдай уақыт керек.

Ең бастысы, Түркістанға  отандық көгілдір отынның құбыры кіргізілді деп өзімізді жұбаттық. Өйткені  алып шаһарларда инфрақұрылым тартылмай жатып халық қоныстанып алады да, заманауи өмір сүруді қалайды. Осы тұрғыдан алғанда түркістандықтар озып тұр.

Бақытжан Әшірбеков, Түркістан қаласының әкімі: «Телекөпірде ашылған бөлік — Түркістан қаласына келген газ құбырының қабылдануы. Яғни, үлкен магистральды құбыр өтті. Содан газ алынып, қалаға келді. Түркістанның ішкі тарату жүйесіне әлі газ тартылған жоқ. Ішкі тарату жүйесіне әлі қаржы бөлінген де жоқ.»

Ас-ауқат сығымдалған газбен дайындалуда
Ас-ауқат сығымдалған газбен дайындалуда

Ендігі жерде қаланы толықтай  табиғи газбен қамту төрт кезеңмен жүзеге асады екен. Биыл бірінші кезеңнің жобалық сметасы дайын дейді қала басшысы. Егер құжат мақұлданса, 7212 абонент, 16 білім беру нысаны, 4 денсаулық сақтау мекемесі және орталық жылу қазандығы табиғи газбен қамтылатын болады. Осылайша қалған үш кезең де орындалады. Бірақ, бүгін-ертең емес. Сондықтан болар, әзірге түркістандық бірде-бір үйде көгілдір отын жоқ.