Түркістанда өткен жылы қылмыс 12 пайызға өскен. Есесіне орын алған қылмыстарды ашу саны артып отыр. Тентегін тезге салуда полиция жанынан құрылған қоғамдық кеңес пен еріктілер жасағының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Қариялардың ақылын тыңдап, халықпен тығыз жұмыс атқарып жатқан тәртіп сақшыларының бастамасы енді республика көлемінде тәжірибе ретінде енгізілмек.
Түркістандағы барлық учаскелік тірек бекеті жанынан арнайы қоғамдық кеңес құрылған. Көнекөз қариялар мен елге елеулі азаматтар жастарға ақылын айтып, білгенін үйретеді. Еріктілер жасағы қоғамдық орындарды аралап, көпшілікті тәртіпке шақырады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде ауылды жерлердегі ұсақ ұрлық пен барымташылық біршама азайған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nbal886MDlI[/youtube]
Осыдан екі жыл бұрын Түркістан қаласында бір ғана учаскелік полиция бекеті жұмыс жасайтын. Қазіргі таңда оның саны 14-ке жеткен. Екі стационарлық бекет те бар. Барлығы ғаламторға қосылған. Полиция қызметкерлеріне де қойылатын талап күшейген. Жұмыс орнында олардың әр қимылын бейнекамералар бақылайды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=hnZTfDV18x0[/youtube]
Жеке құрам жемісті еңбек ету үшін жаңа автокөліктер алынды, қолда бар құрал-жабдық жаңартылған. Сайдың тасындай іріктелген 12 жігіттен тұратын арнайы жасақ құрылды. Түркістандық тәртіп сақшыларының мұндай қымыл әрекетіне министрлік басшылары да жоғары баға берді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=KYlVa799sjc[/youtube]
Енді өңірдегі өзге аудан полицейлері де осы бағытта еңбек етулері керек. Халықтың полцияға деген сенімін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауда жемісті жұмыс жүргізу — уақыт талабы дейді тәртіп сақшыларының өздері.