«№3 қалалық емханаға жету қиын». Арнамызға шағымданған «Отырар» шағынауданының тұрғындары осылай дейді. Айтуларынша, аталған медициналық мекемеге қоғамдық көліктің қатынауы қиын.
Бірінші топтың мүгедегі Лилия Соколова дәрігердің жіті қадағалауында. «Нұрсәт» шағынауданында жаңадан ашылған №3 емхананың емделушісі. Дәрігер үйіне жиі келіп тұрғанымен, кейде емханаға өзінің баруына тура келеді. «Отырар» шағынауданынан «Нұрсәтке» қатынайтын автобустың аздығынан аялдамада сағаттап бөгеледі, емханаға жету үшін тағы да жаяу жүреді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=CfwB0427RAY[/youtube]
Лилия Соколова, І топтың мүгедегі: «Автобус аз жүреді. 40-45 минут күтесің. Ол емханаға жетпей тоқтайды. Өйткені қарама-қарсы бетте аялдама жоқ. Жаяу жүргінші үшін жағдай жасалмаған. Мен сияқтыларға өте ауыр.»
Жаңадан ашылған №3 емханада «Нұрсәт», «Нұртас», «Отырар», «Айқап» шағынаудандарының тұрғындары тіркелген. Сондай-ақ, 351-орам мен «Солтүстік-Шығыс», «Тараз», «Солтүстік жылыжай» шағынаудандары мен Қайтпас-1 елдімекенінің емханаға жақын бөлігінің тұрғындары ем қабылдайды. 40 мыңға жуық емделушіні қамтыған емханаға қатынайтын қоғамдық көліктің аздығы мен аялдаманың жоқтығы келушілердің бас ауруына айналған. Тек «Нұрсәт» шағынауданы тұрғындарының ғана жолы болып тұр.
Ал жергілікті билік емханаға бір емес, бірнеше қоғамдық көліктің қатынайтынын айтады. Емхананың алдында болмаса да жақын орналасқан екі бірдей аялдама бар дейді олар.
Наурыз Сүгіралиев, көлік және коммуникация секторының меңгерушісі: «Ол жерден кемі 7-8 бағыттағы көлік өтеді. Мысалы, № 42, 20 бағыттар. «Қайтпас» шағынауданына баратын бағыттың барлығы сол жерден өтеді. Мысалы № 92 бағыттағы автобустың соңғы аялдамасы №3 емхананың алдында. Ал аялдама мәселесіне келсек, ол жерде де аялдамалар талапқа сай орнатылған. Және сол жерден 100 метр қашықтықта бағдаршам орнатылған, сол жерден жаяу жүргіншінің өтуіне барлық мүмкіндік бар.»
Ал жауапты тұлғалар тұрғындарды сағаттап күткізіп, наразылықтарын туғызып отырған қоғамдық көліктердің мәселесін май шаммен қарауға уәде берді.