Тропикалық көбелектер көрмесі ашылды

"Қарлығаш қанаты" деп аталатын мына көбелектің қанаты жайған кезде 17-18 см дейін жетеді

Қаңтар айы қаһарына мінгеніне қарамастан Шымкентке тропикалық көбелектер ұшып келді. Шымқалалықтарға Қызыл кітапқа енгізілген қанатты жәндіктердің 20 түрін көзбен көріп қолмен ұстауға мүмкіндік туып отыр.

Арнайы жасақталған бөлмеде 100-ге жуық көбелек ұшып жүр
Арнайы жасақталған бөлмеде 100-ге жуық көбелек ұшып жүр

Облыстық тарихи өлкетану мұражайынан орын тепкен көрмеге көздің жауын алар көбелектер Кариб аралы, Оңтүстік Африка, Индонезия, Орталық Америка, Малазия елдерінен жеткізілген. Көрмені Ресейдің Краснодар өлкесінен келген фермерлер өткізіп жатыр.

3 сынып оқушысы Сандуғаш Жасұзаққызы да көбелектерді қызықтауға арнайы келіпті. Ол аса сирек кездесетін қанатты жәндіктерді жақыннан көргеніне қуанышты.

Сандуғаш Жасұзақзықы, көрермен: «Маған үлкен көбелектер ұнады. Түстері алуан түрлі  екен. Ақ-қара араласқаны бар, тіпті, түгелдей қап-қара көбелектер де бар екен. Сондай әдемі!»

"Қарлығаш қанаты" деп аталатын мына көбелектің қанаты жайған кезде 17-18 см дейін жетеді
«Қарлығаш қанаты» деп аталатын мына көбелектің қанаты жайған кезде 17-18 см дейін жетеді

Арнайы бөлмеде 20 түрлі 100-ге тарта көбелек ұшып жүр. Олардың өмір сүру ұзақтығы тым қысқа. Небәрі 3 сағаттан екі аптаға дейін ғана созылады дейді мамандар. Сонымен қатар бұл жерге қанатты жәндіктер қуыршақ түрінде жеткізілген. Қызығы, көрмеге келгендер тіршілік иелерінің қауыз жарып, ұшып шығып жатқан сәтінен де куә болады.

Көбелектер осы инкубатордың ішінде қауыз жарады
Көбелектер осы инкубатордың ішінде қауыз жарады

Анастасия Иркова, көрмені ұйымдастырушы: «Көбелек — жылы жерде өмір сүретін жәндік. Мысалы, мына инкубатордың ішіндегі температура +30 градустан төмен түспеуі керек. Мұнда көбелектер қауыз жарып шағады, тіпті, кейде, сағат сайын көбелек алған күндеріміз де болды. Олар бастапқыда лезде ұшып кете алмайды. Үстері дымқыл болған соң, қанаттарын көтере алмайды, әрі әлсіз болады. Оларды алып, бірінші, жеміс шырынына қоямыз.»

Қанатты жәндіктер ас талғамайды
Қанатты жәндіктер ас талғамайды екен 
Көбелектер көңіл көтереді
Көбелектер көрген адамның көңілін көтереді

Мұндағы көбелектердің ең үлкені  — «Көгілдір морфа». Оның қанаты жайған кезде 22 сантиметрге дейін жетеді. Сондай-ақ,  «Қарлығаш қанаты» деп аталатын көбелек те бар. Қанатының үстіңгі жағы ақ пен қара болып  келетін көбелек ұшқанда жарқыраған жұлдыздай әсер қалдырады.