Жайдарманның маусымашары басталады

464
Ойыншылар сахнаға дайындалып жатыр

Жайдарманшылар кезекті 2014 жылдың маусымашарына дайындығын бастап жіберді. Әне-міне дегенше әзілкештер Елордада өтетін ауқымы кең шараға жол тартпақ. Басты талап – үздік ойынды ұсыну ғана емес, «Жайдарманның» жарқын сахнасын жандандыру дейді олар. Ел аумағында көңілді тапқырлар клубының мерейін асыруды көздеген өнер иелерінің сөзіне сенсек, бұл жолғы әзілдері де әдеттегіден ерекше.

Тағай Нұрәлиев
Тағай Нұрәлиев

Тағай Нұрәлиев, «Шымкент жастары» құрамасының ойыншысы: «Жүзден жүйрік атану қиын. Оңтүстіктің намысын қорғайтын болғандықтан, үлкен қобалжуды сезініп жатырмыз. Бірақ, біз қанша уақыттан бері дайындалып, жаңа әзілдерді ұсынбақпыз. Жыл сайын бір ерекше ойынды көрсеткіміз келеді ғой. Сондай-ақ, биылғы маусымашарда қоғамдағы мәселелерді, оның ішінде жастардың, студенттердің жолақысын айтпақпыз. Ең бастысы, жазылған әзілдерді дұрыс орындап шығу. Үздіктер қатарынан көрінуге тырысамыз.»

Әзірге әзілдерін жазып, бірлесе ойластыруға кіріскен жастар «Жайдарманның» маусымашарында облыстың намысын қорғайтын болады. Айтпақшы, бүгінде «шымкенттік құрамалар анайы әзілдерге жиі жүгінеді, сондықтан ақтық сында сүрініп жатыр» деген пікір ел арасында айтылып та жүр. Осыған тойтарыс берудің уақыты жетті дейді жастар.

 

Ерлан Айтбаев, «Шымкент жастары» МКМ директоры: «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейді халқымыз. Жасырмай-ақ қойяық, өзге облыстарда шымкенттік командалар редакторлық тексеруден өтпеген немесе сахнаалды ойластырған әзілдерін ойнап жатады. Я болмаса Астана, Алматыға барғанда «Бізді тексерді, редакторлар құптап отыр» деп, сахнаға шығады. Нәтижесінде бұл әзілдер бүкіл шымкенттік жайдарманшыларға сөз әкеліп отыр. Ал биылғы маусымашардағы қазақстандық құрамаларға қойылатын талап қатаң. Мәселен, әзілді орысша орындауға болмайды. Қазақша ойын таза қазақ тілінде өрбуі керек.»

Көпті күлкіге көміп жүрген көңілді тапқырлардың жұмысы күн сайын қарбалас. Жоғарғы оқу орындарында оқитындары бар. Тіпті, жұмыс істейтіндері де кездеседі. Бірақ ешбірі ойынға дайындықтан қалмауға тырысады. Ал бұл үшін жайдарманшылар қанша жалақы алып жүр?

Оңтүстіктен Елордаға 18 құрама аттанбақ
Дайындық барысы

Абзал Жанбосынов, «Мардан ұландары» құрамасының ойыншысы: «Осы күні «КТК-да ойнайсыңдар, қанша жалақы алып жүрсіңдер» немесе «Әрбір кештен қанша теңге төленеді?» деген сияқты сауалдарды жиі қоятын болды көпшілік. Расында бізге ешқантай теңге төленбейді, біз бұл үшін жалақы да алмаймыз. Ал «Жайдарманның» бізге берер пайдасы сол — ел көресің, жер көресің дегендей. Өзге өңірлерден дос табасың, студенттік өмірің қызыққа толы болады.»

Бағдат Ахназар
Бағдат Ахназар

Ал Бағдат Ахназардың шымкенттік «13-аймақ» құрамасында жүргеніне 5 жылдан асты. Талай дүркін ойындарда үздіктер сапынан табылған өнер иесі құрамасының жетістікке жетуінің құпиясымен бөлісті.

Бағдат Ахназар, «13-аймақ» құрамасының ойыншысы: «Ия, біздің ерекше стиліміз бар. Өз көрермендерімізді де тауып үлгергенбіз. Мұның сыры немесе тиімді тұсы — біздің команданың ойыншылары бір пәтерде тұрамыз. Сабаққа да, ойынға да үлгереміз. Дайындығымыз да үйде болады. Әзілді де жабылып жүріп жазамыз. Ал осы маусымашарда бір оқиғаны сахналаймыз. Қысқа әрі нұсқа, берілген уақыт ішінде үлгеруіміз керек. Бірақ ойын кәдімгі театр қойылымы форматында болады.»

 

 

Айта кетейік, биылғы «Жайдарманның» маусымашарына Қазақстан бойынша 250-ден астам құрама қатыспақ. Олардың 20-сын біздің өңірдің «Реал Мадрид», «Мардан ұландары», «Шымкент жастары», «13-аймақ» сынды командалар құрап отыр. Қаңтар айының 26-жұлдызында Елордамызға жол тартатын жерлестерімізге сәттілік серік болсын деп тілейміз, ендеше!