Жедел жәрдем қызметкерлері көмек көрсетуге дайын! Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының қызметкерлері бір күндік жұмысында мыңнан астам шақыртуларды қабылдайды. Жан азабын тартқанға алғашқы көмекке келетін ақ халаттылардың бір күндік жұмысы қалай өрбиді?
Орталық жедел жәрдем стансасында 10 диспетчер жұмыс жасайды. Олар 103 нөміріне келіп түскен қоңырауларды қабылдап, қаладағы өзгеде 8 жедел-жәрдем станциясына үлестіріп отырады. Шақырылымдардың басым бөлігі шұғыл болып келеді екен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DtMZspe88LM[/youtube]
Қоңырау қабылдағаннан кейін өтініш сараланады. Одан кейін дереу GPS навигациялық аппарат пен коммуникатор бойынша жақын маңдағы жедел жәрдем көлігіне хабар беріледі. Ал мұндай бағдарлаушы қондырғы әрбір жедел жәрдем көлігінде орнатылған.
Міне, 13-ші жан сақтау бригадасы кезекті шұғыл шақыруға шығып барады. Топ құрамында дәрігер мен екі фельдшер бар. Кезекші диспетчер жол-көлік оқиғасы орын алғанын хабарлап, бұл топты Адырбеков көшесіне бағыттады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=US8jHUOocac[/youtube]
GPS бағыттаушысының көмегімен көмек шақыртылған орынға 10 минутта келіп жеттік. Дәрігерлер қызметіне жедел кірісіп, зардап шеккендерді қарай бастады. Соның бірі — көлік жүргізушісі. Тексеру барысында анықталғандай, ол орташа жарақат алған.
Михаил Яров, 13-ші реанимациялық бригаданың дәрігері: «Біз жол апатынан зардап шеккен азаматқа қабынуға қарсы ем-дом жасадық. Алғашқы медициналық көмекті өз деңгейінде көрсеттік деп ойлаймыз.»
Десе де дәрігерлер жүргізушіні ауруханаға алып кетпек болды. Бірақ өзінен гөрі темір тұлпарын қатты уайымдаған көлік жүргізушісі стационарлық ем қабылдаудан бас тартты. Оны денсаулығы емес, көлікке келген материалдық шығын мазалайтын көрінеді.
Михаил Яров, 13-ші реанимациялық бригаданың дәрігері: «Бұл науқас ауруханаға барудан бас тартып тұр. Сондықтан біз оған травматолог-дәрігерге жолдама парағын қалдырдық.»
Бағдат Қасымбеков — жас фельдшер. Жәдел жәрдем қызметі жан-жақтылықты талап ететінін жақсы түсінеді. Адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетуде жауапкершілік пен біліктілік басты талап екенін көкейіне түйіп алған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HZ_P1uJa6uk[/youtube]
Жедел жәрдем қызметімен өткен бір күнде мыңнан астам шақырту түсті. Бір бригаданың өзі тәулігіне 15-16 шақыртуға барады. Осылайша 103-ке қоңырау шалған азаматтар жедел медициналық көмекке қол жеткізе алады.