Балаңызға қателік жасауға мүмкіндік беріңіз

Балаңызға қателік жасауға мүмкіндік беріңіз

 

Балаңызға қателік жасауға мүмкіндік беріңіз

Ағылшын жазушысы, психолог, өз-өзін жеке тұлға ретінде дамыту тақырыптарына көп қалам тербейтін автор Ричард Темплар бала тәрбиесіне қатысты «Ата-аналарға арналған ереже» атты кітабында былай деп жазады: 

«Сіз өз балаңызды тәрбиелеуде өзіңіздің талантыңыз бен жігерлі жақтарыңызды пайдаланасыз ба? Балаңызға қателік жасауға мүмкіндік бересіз бе? Әрине көп жағдайда олай етпейсіз. Бірақ ұл-қызыңызды қауіпті әрекеттерден қорғаштауды тоқтатыңыз. Одан да демалысқа қайда бару керектігін, қандай көлік сатып алу қажеттігі жөнінде кеңесіңіз. Әрине бұл айтқандар сізге күлкілі болуы мүмкін. Бірақ бұл баланың өзіне деген ықыластың барын сезінуіне оң ықпалын тигізеді. Өзіңіздің мықты тұстарыңызды көрсетуге тырысыңыз. 

Балаларым кішкентай кезінде, ұлдарымен жалықпай доп қуып жүретін өзге әкелерге қатты қызығатынмын. Ал мен өз балаларыммен сағаттап ойнамақ түгілі 5 минутқа да шыдай алмайтынмын. Спортқа икемім жоқ деп сол кезде өзімді тежедім. Бір досым балаларына арнап бақшасында кішігірім үйшік жасаған. Балабақшаға барып балғындарының қызығы үшін түрлі ойындар ұйымдастырып, бірі қызымен бірге балет мектебіне барғандарды көргенмін. Мен олай етуге қысылатынмын. Балаларымның қызығы үшін ұялғаным ба сонда?!

Мұнымен не айтпақ болып отырғанымды түсінген де шығарсыз. Шын мәнінде мен балаларға арнап әлгілерден де қызықты етіп ойындар ойнап, ұйымдастыра аламын. Қабілетім жеткілікті еді. Бірақ сол кезде дәл солар жасағанды орындауға икемім жоқ деп өзіме тоқтау салдым. Яғни өзімнің дарынымды, талантымды көрсете алмадым. Мәселен мен мәтінді балаларға дауыстап оқығанды ұнататынмын. Қызықты оқиғалардың кейіпкерлерінің образына еніп оқыдым. Бірақ әртістік талантымның барын, ашықтығымды өкінішке орай бағаламай, енді білдім. Әрине ұзақ уақыт өткеннен кейін. Ал балалармен футбол ойнауды шешіп, алаңға шыққан кезде мұны тек ата-аналық борышымды өтеу үшін жасағаным түсінікті болды. Балаларыммен доп қуу арқылы мен жолдастарыммен ешқашан тең ойын көрсете алмайтынымды білдім. Бірақ мұны бүлдіршіндерімнің тәрбиесі үшін деп ойлап жасауыма болатын еді. Өйткені өзгелер мен сияқты әртісше кітап оқып бере алмайтын еді. Өзіңіздің талантыңызды көрсету деген осы. Егер де спортқа икеміңіз жоқ болса, музыкалық аспаптарда бірге ойнап көріңіз, тамақ жасаңыз. 

Баласының ой-өрісінің дамуы үшін ақылды ата-ана барлығын жасап көруге тырысады. Балаңыздың қателік жасауына жол беріп, өзіңіз сабақ алыңыз. Бұл жағдайдан қашып құтыла алмайсыз. Мен секілді тек ата-аналық парызды орындау үшін әрекет ететініңіз белгілі. Өз қабілетіңізді балаңызға тәрбие арқылы білу өте маңызды. Өзіңізге деген сенімділік те пайда болады. Кейбір ата-аналарда өзге жасағанды өзі істей алмағандықтан көре алмаушылық деген болады. Мұндай жаман әдетті өз бойыңыздан байқай бастаған сәтте өз талантыңыз туралы ойлаңыз. Еске алыңыз бір сәт. Қолдан келмейтінге талпына беру балаңызды да, өзіңіңізді де шаршатады. 

Жасөспірім кезімде 8 жастағы інім баудағы биік ағашқа өрмелеп шықты. Бір кезде бұтақ сынып, ол басқасына жармасып үлгерді. Бірақ ол да сынудың алдында тұр. Ол ілініп тұрған бұтақ пен жердің арасы 25 метрдей. Әрине ол айғайлап байбаламға басты. Дауысын естіген анам бауға келді. Оның қиын жағдайға тап болғанын көрген ол еш сыр білдірмеді. Анам бәрі жақсы, сол аяғыңның тұсындағы бұтаны жай бас, оң қолыңмен төмендегі бұтаны ұстап асықпай өзің түс деді. Бұл оқиғадан кейін сіз әлбетте анамыз бізге мүлдем ағашқа шығуға тиым салды деп ойлап отырған шығарсыз. Бірақ олай емес. Анам інімнің жақсы сабақ алғанын түсінді. 

Мен мұны не үшін айтып отырмын. Балалар өз қателіктерінен сабақ алып, қиындықпен өзі күресіп үйренуі керек. Ата-ана соған мүмкіндік бергені жөн. Егер де бала қауіпті жағдайды басынан өткермесе, ешқашан сабақ алмайды. Қателеспеген адам ештеңе жасамайды деген сөз. Ата-ана балаларының ағашқа шығып, тағы да басқа қауіпті нәрселерді жасауына кедергі болмауы керек. Әрине өте қиын әрі қауіптісіне өзіңіз де жол бермейді деп ойлаймын. Ондай кезде жоқ деп кесіп айтыңыз. Бірақ үнемі қорқып, жоқ деп айтсаңыз, демек сіз ата-аналық міндетіңізді орындай алмағаныңыз. Бұл кейін сізден жыраққа кеткен баланың өзіне қиын болады. 

Үнемі балалардың ойын білуге тырысыңыз. Бұл оның өсуіне ықпал етеді. Мәселен сіз жаңа көлік сатып алатын болсаңыз міндетті түрде онымен ақылдасыңыз. Әрине оның қалағанын алыңыз демеймін. Балаңыз жанұяның мүшесі екенін, өзінің ойы маңызды екенін біліп өсуі тиіс. Бұл ұл-қызыңыздың өзіндік қалыптасуына ықпал етеді. Кейде балалар сіздің ойыңызға келмегенді айтып, кеңес беруі де ғажап емес. Сондықтан онымен санасудан ұтылмайсыз.

Аударған – Ғалия Мұхамбетқызы