Жаңа әдіспен жасалған зергерлік бұйымдар

1129
Ильия Казаковтың "Өнер инемен құдық қазғандай" атты шығармасы

Шымкент қаласының орталығында бой көтерге «Алтын орда» галереясы бүгінгі күні тек көрме өткізумен ғана шектелмейді. Мәдениет ошағы суретшілер мен қолөнершілердің шеберлігін арттыруда арнайы шеберлік сабақтарын да өткізуде. Соның бірі – тек елімізге ғана емес, сонымен қатар шетелдерге де аты шыққан зергер Илья Казаковтың келуі.

Асыға күткен зергер Ильия Казаковтың шеберлік сабағы

Зергер Айдарбеков Асанәлі әшекей бұйым жасаудың қыр-сырын меңгеруде. Өзі сияқты жас зергерлерге мұндай мүмкіндік Бейісбековтер отбасылық галереясында туды. Қарағандылық Илья Казаковтың арнайы шеберлік сабағына өнерін жетілдіруде бірнеше жастар келген. Бұл сәтті олар бір жылдан бері асыға күткен екен.

Асанәлі Айдарбеков, зергер: «Мен 10 жылдық білімді 1-2 күннің ішінде үйрендім десем, артық айтқаным болмайды. Өйткені 2-3 күн жасайтын мынадай бұйымды мен жаңа әдісте 1 сағатта, ары кетсе 1,5 сағатта жасаймын. Бұл – үлкен жетістік. Ұйымдастырушыларға рахмет!»

Берік Бейісбековтың шеберлік сабақтарының нәтижесінде жасаған алқа

Илья Казаков – еліміздің өнерін шетелдерде танытып жүрген санаулы жандардың бірі. Ол осы уақытқа дейін Қазақстанның бірқатар қалаларында жастарға зергерлік өнердің ерекше қыр-сырын үйретіп келеді. Өлкемізге келген шебер зергерлердің кәсіби деңгейін жоғары бағалап, алғырлық қабілетін ерекше атап өтті.

Илья Казаков, зергер: «Жігіттер мүлдем басқаша жұмыс жасайды. Мен мұнда өзімнің қалай жұмыс істейтінімді көрсетуге келдім. Кейбір балаларға үйреткеннен нәтиже болмайды. Мұндағыларға аузыңды ашқаннан түсінеді. Көрсетсең болды, жасап жатады. Сосын олардыкі әжептеуір болып шығады. Берген білімді алып жатса өзің де қуанасың. Мен өте қуаныштымын. Алғырлығы таңқалдырады. Мен де бар білгенімді үйреттім. Мен мұнда өз ізімді қалдырдым деп ойлаймын.»

Ильия Казаковтың күмістен жасаған сериалы композициясы

Бұл шеберлік сабақтарында зергерлер сүйектерді өңдеудің технологиялық қыр-сырын да меңгерді. Сүйек аралас зергерлік бұйымдар да жасалды. Ерекше әдісте білезік, сақиналарға түскен түрлі оюлар мен орнектер жас зергерлердің өзге де композицяларында көрініс табары анық. Бастысы – дәні егілді, енді оны шыңдап дамыту шеберлердің өз қолында.

Айдарбеков Асанқұлдың сүектен жасаған алқасы
Ильия Казаковтың «Өнер инемен құдық қазғандай» атты шығармасы