«100-ден аса әнім орындаушысын әлі тапқан жоқ»

Құралай СӘТМҰХАМБЕТОВА, композитор, әнші
Құралай СӘТМҰХАМБЕТОВА,
композитор, әнші

– Құралай Шайзадақызы, соңғы кезде әнсүйер қауым сізді жоғалтып алғандай. Жаңа әндеріңізді де сағындық. Қазір қайда жүрсіз? 

– Сахнадан көрінбей кетсем де, облыс-та өтіп жатқан мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүрмін. «Шаянға барсаң әншімін деме», «Ән тербеген Сарыағаш», «Қоңыраулы қошақан», «Біз естімеген бір ән» және тағы сол сияқты ән байқауларының қазылар алқасына төрайымдық еттім. Одан бөлек өңірдегі мәдениет мекемелері жиі шақырып, ақыл-кеңес сұрап тұрады. Ондай кезде, әрине, білгенімді үйретуден, кеңес беруден қашқан емеспін. Себебі жүрегіміз өнер деп соққан соң сол саланың өсіп-өркендеуіне, қазақ өнерінің биікке самғауына кішкене болса да үлес қосу – біз үшін үлкен қуаныш. Қазіргі таңда Оңтүстік өңірінің ән-күйлері, термелері, жыр-толғауларын жинақтап, кітап етіп шығару барысында Оңтүстік Қазақстан облыстық Халық шығармашылығы орталығымен бірге жұмыс жасап жатқан жайым бар. «Маған осы көп томдықтың халық әндері мен Оңтүстік композиторларының әндері бөлімдерін нотаға түсіріп өңдеу тапсырылған болатын. Мақсат – қазіргі шығып жатқан әндерді көпшілікке насихаттау. Сондай-ақ, «есті» әндердің азайып бара жатқан кезінде халқымыздың рухани байлығы болып табылатын халық әндерінің кейінгі ұрпаққа өзінің алтындай саф, таза күйінде жетуіне ықпал ету, одан кейін концерттік мекемелердің репертуарларын осы әндермен толықтыру. Әсіресе халық әндері мен күйлеріне, жыр-термелеріне баса назар аударылып отыр. Соған орай арнайы топ болып былтырғы жылдың күзінде облысқа қарасты 15 аудан, қалаларды аралап, 130-ға жуық халық әндері мен 530 композиторлардың әндерін жинақтап қайттық. Соның ішінен 100 халық және 100 композитор әндерін таңдап, мәтіндерін жөндеп, өңдеп, нотаға түсірдім. Айта кетейін, бұрын-соңды нотаға түспеген әндердің орындаушыларының аты-жөні мен кімнен жазылып алғаны туралы мәліметті де жинаққа енгіздік. Айтпақшы, жинаққа белгілі әнші-композитор, музыка зерттеушісі Райымқұл Темірбаевтың ел арасынан жинақтап өңдеген халық әндері де кірді. Шынымды айтсам, күндіз-түні жұмыс жасаған күндерім болды. Қолға алынған жұмыс елге, болашақ ұрпаққа қажет дүние деп білемін. Оны бірнеше рет тексеруден өткіздік. Өзіме сеніп тапсырылған дүние болған соң барымды салып соңына дейін жеткізуге тырыстым. Мен негізі уәдеге берік адаммын. Оны соңына жеткізбейінше жаным тыным таппайды.

– Жинақ халық қолына қашан тиеді?

– Баспаханаға тапсырдық. Бұйыртса, алдағы бір ай ішінде жарыққа шығуы тиіс.

– Жеке шығармашылығыңыз қалай? Жаңа жұмыстар деп тасада қалып жатқан жоқ па?

– Жоқ, мүлдем олай емес. Мен қайда жүрсем де шығармашылықты тоқтатқан емеспін. Тоқырап қалғаным жоқ, жаңа әндерім шығып жатыр. Осы күнге дейін 150-ден астам ән жазыппын. Бүгінде әндерімді әншілерге ұсынып жатқан жайым бар. Ибрагим Исаның сөзіне жазылған «Елге сапар» атты әнімді Жұбаныш Жексенұлына бердім. Одан бөлек Тамара Асар, Заттыбек Көпбосынұлы, «Арман» тобының жігіттері де әндеріме құда түскен болатын. Жуырда ғана бас қаламыз Астананың туған күніне орай «Астанам» атты әнімді жас әнші Асылхан Шалқар алды. Жаңа ән белгілі композитор Арман Дүйсеновтың студиясында өңделіп жатыр екен. Астана күніне орай «Біз» бағдарламасында орындалмақ.

– Қанша туындыңыз өз орындаушысын тапты? 

– Шынымды айтсам, әншілердің соңынан қуып, әнімді ұсынумен айналысуға менің уақытым да жоқ.

Жүздесіп қалған сәттерде әнімді сұрап жататындар бар. Кейде үйге іздеп келіп алатындар да бар. Сондай сәттерде жасаған туындыңның еленіп жатқанына кәдімгідей марқайып қалады екенсің. Дегенмен 100-ден астам әнім әлі өз орындаушысын тапқан жоқ. Мен негізі әншінің дауысын, диапазонын біліп алған соң барып оған лайықты әнді өзім ұсынғанды құп көремін. Қажет болса, оның айтылуын өзім үйретемін. Негізі ол дұрыс, әнші әнді автордың өз аузынан үйренсе, ән сауатты шығады. Өйткені қазір Батысқа еліктеп, керек емес мелизмдер мен вокализдерді жараспайтын жерге жапсыра беретіндер көп. Ондай кезде ән қазақтың емес, Батыстың әні болып шыға келеді. Міне, осындайдан барып сапасыз дүниелер шығуда. Қазіргі кезде ақының да, әншің де сазгер болып жатыр. Мен ондайларға түбегейлі қарсымын. «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» демекші, әр нәрсені өз маманы жасағаны дұрыс. Сонда ғана сауатты дүниелер қатары көбейеді.

– Әндеріңіздің ішінен жаныма жақын деп қайсысын айтар едіңіз? 

– Бүгінге дейін шығарған әндерімнің бәрі жаныма жақын. Барлығы да көңілімнен шыққан, сарапталған әндер. Егер жаңадан жазған әнімнің бір тұсы басқа әндерге ұқсап кетсе, оны жарыққа шығармаймын. Жаныма жақын әндерімнің бірі – «Арман – әнім» атты шығармам. Аталған әнді Айнұр Керімбекова деген әнші орындап шықпақ. Қазір өңделу үстінде. Сондай-ақ, «Әппақ гүлдер», «Алтынай», «Сені көргім келеді», «О, гитара», «Елім аман», «Ару Ана», «Елге сапар» атты туындыларым да жаныма ерекше жақын.

– Балалар әндерін де жарыққа шығарып жүрген сазгерсіз. Болашақ жұлдыздардың аяқ алысы, ән таңдауы қай деңгейде?

– Қазір санап отырсам менде оншақты балалар әндері бар екен. Оның бәрі өз орындаушысын тапты. Себебі балалар байқауына қазылық етіп жүрген кезімде көбі махаббат туралы әндерді айтуға құмар екенін байқадым. Әсіресе Қайрат Нұртастың «Ауырмайды жүрек» әнін айтушылар көп. Өмірдің мәнін әлі ұғынбаған бала махаббаттың мәнін қайдан ұқсын?! Осы ретте балалардың жетекшілері мен ата-аналары ән таңдау мәселесіне баса назар аударса деймін. Ол үшін композиторлармен байланысқа шығу қажет. Кішкентай балғынның өте үлкен диапазонды ән айтуы олардың дауысының бұзылуына әкеп соғатынын естен шығармаған абзал. Сіздердің басылымдарыңыз арқылы ән айтамын деген балаларға ақысыз-ақ туындыларымды беруге, оның айтылуын үйретуге дайын екенімді жеткізгім келеді. Баладан нені аяйық?!

– Шәкірттеріңіз туралы айтып беріңізші…

– Шәкірттерімнің көбі бүгінде қанатын жазып, әнші болып қалыптасып үлгерді. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері Хадиша Сейітова. Биыл сәуір айында Хадиша Алматыдағы Республика сарайында есеп беру кешін өткізді. Шығармашылық кешке мен де қатысып, бір ән орындап бердім. Одан өзге Ш.Қалдаяқов атындағы байқаудың жеңімпазы, бүгінде облыстық филармонияның белді әншісі Гүлжазира Нұрпейісованы бала күнінен қанатымның астына алып тәрбиелегенмін. Былтыр шәкіртім Сәтдәулет Сүлейменов республикалық Н.Тілендиев атындағы конкурста бас жүлдені жеңіп алды. Оның алдында Сәтдәулет Түркия елінде өткен Халықаралық «АРТ-Олимпия» байқауының жеңімпазы болып қайтты.

– Айтпақшы, әнші әрі сазгер Заттыбек Көпбосынұлы алғаш сахнаға қадам басқанда қатаң сынға алып, тіпті оны әнші деп қабылдамайтыныңызды айтып едіңіз. Бүгінде ол көзқарасыңыз өзгерді ме?

– Иә, осыдан бірнеше жыл бұрын облыста ұйымдастырылған бір жобада «Заттыбекте дауыс бар деп айта алмаймын» дегенім рас. Тек мен емес, бірқатар өнердегі азаматтар да осындай пікірде болған. Меніңше біздің бұл «қамшылауымыз» арқылы Заттыбек көп ізденіп, бүгінде өзін көпшілікке дәлелдете білген өнерлі азамат болып отыр. Қазақ шоу-бизнесіне тойдың сәнін кіргізетін бидің әнін алып келіп, жаңалық ашқан әнші. Сол үшін оған рахмет айтамын. Заттыбек інімнің өнерінен бұрын адамгершілігін, еңбекқорлығын бағалаймын.

Жасыратыны жоқ, қазір сахнада «қамшыламақ» түгілі «ұрып алатын» жігіттер де бар. Соңғы кезде кей әнші жігіттерде жан дауыстары шығып, әнді шыңғырып айтатын әдет пайда болды. Шамасы келмесе де жоғары нотаны алғыш келеді. Олардың орындауындағы шығарманы естігенде біреу қылбұрау салып, қинап жатқандай әсер аласың. Сондай кезде олардың аянышты үніне емес, киелі өнерге жаның ашиды. Әсіресе махаббат туралы әнді «сүйдім», «күйдім», «жыладым» деп сезімді жеткізу ер адамға мүлдем ерсі. Айналайындар-ау, жігіттің жылағанын қашан көрдіңдер? Жыласа да, олар көз жасын сыртқа көрсетпеген емес пе? Мұндай әрекет ер азаматқа мүлдем лайық емес. Сезімді қоңыр дауыспен де жеткізуге болады ғой. Қазақ өнеріндегі Жұбаныш пен Мейрамбекті алып қарайықшы. Қазақы мінез, қазақы дауыс, әннің мәтінін дұрыс әрі анық жеткізу, ең бастысы ән таңдай білу – әншіге ең керек нәрселер осы емес пе? Осы екі жігітті нағыз сауатты әнші деп айтар едім.

– Зәкең өзін тек әнші емес, сазгерлік қырынан да танытып жүр. Ол кісі ұстанған екі бағыттың қайсысын жоғары бағалайсыз?

– Заттыбек әншілікті де, сазгерлікті де қатар алып жүр. Екеуі де қолынан келеді. Ол тек әнші немесе сазгер болуы керек деп кесіп айта алмаймын.

– Өнерде жүрген іні-сіңлілеріңізге айтарыңыз бар ма? 

– Өнерде жүрген барша азаматқа айтарым, өнерпаз болудан бұрын ең бірінші адам бола білу керек. Адамилықты жоғалтпаған абзал. Өйткені сен өнер адамы болған соң өзіңнен кейінгілер саған қарап бой түзейді. Өнер адамын қоғамның тәрбиешісі деуге де болады. Бір өкініштісі, қазір өнер адамдары кез келген жерде еріккеннің ермегі болып барады. Кейбір теле-шоуларда мойындарына жылан, орап, құрт-құмырсқаның арасына жіберіп, ән салып жатса ұрып-соғып, үстеріне су құйып білгендерін істейді. Бұл не үшін керек және оның несі кімге қызық? Өнер адамын осындай қалыпта көрсету өнерді қорлау деп білемін. Өйткені киелі өнер кез келген адамға қонбайды. Сондықтан өнер адамдары өз бағаларыңызды түсірмеңіздер. Танымал боламын деп кез келген арзан шоуға қатыса берудің еш қажеті жоқ. Мойындау керек, кейде «әттеген-ай» дегізетін әншілер де бар. Олардың атын айтып, ренжітпей-ақ қояйын. Ізденбейтін, репертуарына салғырт қарайтын, ән таңдауды білмейтін, не болса соны «әнім» деп айтып, бейнебаян түсіріп, әуреге түсіріп жататындарды айтамын. Бастысы бүгінгі ұрпақ кейінгілерге қазақтың өнерін таза қалпында «қазақша» жеткізсе екен деймін. Соған тілектеспіз!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ