«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» қайырымдылық жасаған шеберхана

651
тігін шеберханасында 4 маман қызмет етеді

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы қайырымдылық жасауды жалғастырып келеді. Мамандар өткен жылы бір тігін цехының жеке кәсібін дөңгелетуіне мүмкіндік әперді. Шағын кәсіпорынды заманауи техникалармен қамтамасыз етіп, олардың үздіктер сапынан көрінуіне жағдай жасады. Араға 1 жыл салып «петроқазақстандықтар» өздері көмек қолын созған мекеменің жағдайымен арнайы барып, танысып қайтты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=QR1rJlIKiPE[/youtube]

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» мекемесінің өкілдері мұндағы жағдаймен танысып, мәз-мейрам. Себебі тігін шеберханасында оң өзгерістер орын алған. Жеке ғимарат, тігіншілер, заманауи жабдықтар, тапсырыстар шағын кәсіпорынның жыл ішіндегі алға жылжуын, дамуын көрсетсе керек.

Күләш Халилолла

Күләш Халилолла, тігінші: «Мен қазір ұлдардың ұлттық киімін тігіп отырмын. Киімнің үстіңгі бөлігіне таяп қалдым. Бұл киімнің кестесін өзге де тігіншілер тігіп жатыр. Мол еңбекті қажет ететін ұлттық киімді 1 аптада аяқтаймыз.»

Апталап, кейде айлап қажырлы еңбекті қажетсінетін дүниелер көп мұнда. Олардың ерекшелігі де жоқ емес. Тек қазақтың ұлттық киімдері мен ою-өрнекпен безендірілген еңбектерді әзірлейтін шеберхана ұжымы бүгінде талай сайыстарда жүлделі орындарды жеңіп келеді. Осы жеңісті күндерге жету үшін кәсіпорын талай соқпақ жолды артта қалдырыпты.

Тігін шеберханасында 4 маман қызмет етеді

Эльмира Шермұхамбетова, тігін шеберханасының меңгерушісі: «2 жыл бұрын бізде мұндай қондырғы болған жоқ, сондықтан қиыншылықтарды бастан өткердік. Мәселен, 1-2 тігін машинкасымен ештеңе өнбейді. Оған, тіпті, адам да жалдай алмайсың, яғни бір өзің отырасың. Ал менде үміт үлкен, мүдде болды. Өндірісті кеңейте алмаймын-ау деп қатты уайымдадым. Алғашқы кездерде жеке тұлғалардан тапсырыс қабылдасақ, қазір үлкен тапсырыстарды да алып жатырмыз.»

Шағын болса да жеке бір кәсіпорынның осылай аяққа тұруына, қазақтың төл өнерін дәріптеуіне себепкер болған – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС. Мамандар осыдан небәрі 1 жыл бұрын 2 452 000 теңге қаржыны құраған қондырғыларды үлкен үмітпен әлі қызметін бастамаған мекемеге сыйға тартты. Енді өнердің шеберлігіне тәнті болысып жүр.

Гүлайхан Ембердиева

Гүлайхан Ембердиева, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі аға үйлестірушісі: «Біздің қуанышымызда шек жоқ, себебі, мынадай көйлектерді тігіп, мемлекеттік сатып алуға қатысып жатыр. Мен бұл цехтың қыздарына тәнті болдым, кей кездері күн демес, түн демей еңбек етеді. Соншалықты құлшынып отырады.»

«ПетроҚазақстан» компаниясы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, балалар үйіне, қарттар үйіне, мектептерге жәрдем беріп келе жатқанымен қатар аудандарды аралайды. Ондағы осындай тігін шеберханаларына керекті қондырғыларын алып беріп жатыр. 2013 жылдан бері 3 миллион теңгенің көмегін берген.»

Бүгінде осы тігін шеберханасында 3 бірдей тігінші және 1 кестеші қызмет етеді. Алдағы уақытта кәсіпорын үлкен жобаларға қатысып, цехтың ауқымын кеңейтуды жоспарлап отыр.