Шымкентте ұсақ әкімшілік қылмыс жасайтындардың саны азаймай тұр. Шымкент қаласының мамандандырылған соты берген мәлімет бойынша 2013 жылы темекі қалдықтарын тастап, қоршаған ортаны ластау, ортақ мүліктді бүлдіру фактісі бойынша 572 азамат қамауға алынып, 1500-ге жуық тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған. Ал 2014 жылдың 7 айында 1500-ден аса әкімшілік іс қаралған.
Шымкент қаласы мамандандырылған сотының судьясы Марат Оңласовтың айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 330-бабы бойынша ұсақ бұзақылық жасаған азаматтарға 10 тәулікке дейін қамауға алу немесе 3 айдан 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу жазасы тағайындалады. 2014 жылдың бір айлық көрсеткіш көлемі бүгінгі таңда 1852 теңгені құрап отыр. Бір емес, бірнеше рет қайталап жасап, полиция қызметкерлерінің уысына түскендерге қамауға алу жазасы қолданылады.
Өкініштісі, ұсақ қылмыс жасайтындардың 70 пайызын жастар құрайды екен. Дені «Байқамай қалдық, арнайы қоқыс тастайтын орындар жоқ» немесе «Асығыс едім» деген сылтау айтады. Әсіресе мұндай жағдайлар жаз айларында, оқу басталған маусымда көп тіркеледі. Онда ауылдан келген жастардың да үлесі басым болып тұр дейді судьялар.